Қазақстан ғылымы

АҚШ ғалымдары экономика саласындағы Нобель сыйлығына ие болды

13.10.2026

4

Стокгольмдегі Швеция корольдік ғылым академиясы экономика саласындағы Нобель сыйлығының иегерлерін жариялады. Марапат АҚШ ғалымдары Роберт Холл мен Майкл Вудфордқа макроэкономикалық тұрақтандыру саласындағы зерттеулері үшін берілді.

Стэнфорд университетінің профессоры Роберт Холл мен Нью-Йорктегі Колумбия университетінің профессоры Майкл Вудфорд ақша-кредит және бюджет-салық саясатының экономикалық ауытқуларды бәсеңдетуге қалай ықпал ететінін зерттеген. «Олар тұрақтандыру саясатын жаңарту үшін экономикалық модельдерді қалай қайта құруға болатынын көрсетіп берді. Инфляция, өндіріс және тұтыну сияқты макроэкономикалық көрсеткіштер арасындағы статистикалық байланыстарға сүйенудің орнына, бұл модельдерді микроэкономикалық негізде құруды ұсынды», – деп атап өтті қазылар алқасы.

Америкалық экономистердің тәсілі жеке үй шаруашылықтары мен кәсіпорындардың іс-әрекеттері жиынтығының экономикаға қалай әсер ететінін түсінуге негізделген. Холл мен Вудфорд әзірлеген модельдер тұрақтандыру саясатының іскерлік циклдерге ықпалын түсіндіруге және сандық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл модельдер әлемнің көптеген елдеріндегі орталық банктер мен қаржы министрліктерінде қолданылады.

2025 жылы экономика саласындағы Нобель сыйлығын АҚШ, Франция және Канада ғалымдары Джоэль Мокир, Филипп Агьон және Питер Ховитт алған еді. Олар «инновацияларға негізделген экономикалық өсімді түсіндіргені үшін» марапатталған болатын. Сыйлықтың жартысы Джоэль Мокирге «технологиялық прогресс арқылы тұрақты экономикалық өсудің алғышарттарын анықтағаны үшін», ал қалған жартысы Филипп Агьон мен Питер Ховиттке бірлесіп «шығармашылық күйрету арқылы тұрақты экономикалық өсу теориясын әзірлегені үшін» берілді.

Дереккөз: https://www.dw.com/ru/laureaty-nobelevskoj-premii-po-ekonomike-ucenye-iz-ssa/a-79636422
Фото: Wesanews.org

«« | »»
Соңғы жаңалықтар