Әлемдегі ғылым

Күрделі металлургиялық шикізатты кешенді қайта өңдеудің технологиялық шешімдері

13.10.2026

12

Металлургия және кен байыту институтының ғалымдары «Индустрия 4.0» және Digital Twin тұжырымдамаларына сәйкес күрделі металлургиялық шикізатты кешенді қайта өңдеудің технологиялық шешімдерін әзірлеу, сынақтар жүргізу және қайта өңдеу мен тозуға төзімді жабындарды жағу технологиялары бойынша ұсынымдар дайындау жобасын жүзеге асырып жатыр.

Зерттеу барысында кондициялық емес кенді және техногендік шикізатты қайта өңдеу бойынша сынақтар жүргізіліп, технологиялық регламент үшін бастапқы деректер алынды және ұсыныстар берілді. Алғаш рет конвертерлік шлактарды сұйық флюстер дайындау үшін пайдалану ұсынылды, бұл оларды мыс балқыту цехының жағдайында дайындауды жеңілдетеді. 

Сондай-ақ асыл және түсті металдарды құрамында қиын алынатын техногендік шикізаттан гидрометаллургиялық жолмен алу режимдері әзірленді (алтынды алу – 91,46 % дейін, мыс – 92,24 % дейін), көмір сорбенттерін сынаптан тазартудың вакуумдық-термиялық технологиясы жасалды (сынапты алу – 96,65 % дейін), наноқұрылымды TiZrN/TiZrCN жабындары ұсынылып, сыналды, олардың наноқаттылығы 13 ГПа дейін, үйкеліс коэффициенті – 0,11. 

Бұдан бөлек отандық меркаптан құрамды жинағыштардың тиімділігі дәлелденді, олар Cu, Pb және Zn металдарын алу деңгейін 8–15 % арттырады. Металлургиялық үдерістерді цифрландыруға арналған жоғары өнімді және сенімді бағдарламалық өнім әзірленіп, сынақтан өткізілді.

Ұсынылған шешімдерді енгізу металл алу деңгейін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде металлургиялық өндірістің экономикалық тиімділігін арттырады.

Ғылыми жоба: «Кондицияға сәйкес келмейтін кенді және техногендік шикізатты өңдеудің технологиялық регламентін әзірлеуге арналған бастапқы деректерді алу және тәжірибелік сынақтар жүргізу, тозуға төзімді жабындарды жағу жөніндегі ұсынымдар әзірлеу, бағдарламалық өнімді тестілеу»
Жетекшісі: техника ғылымдарының докторы, профессор Б. Қ. Кенжалиев

Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар