Қазақстан ғылымы

Физика, химия, физиология және медицина салалары бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

07.10.2026

35

Физика, химия, физиология және медицина салалары бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығының иегерлері белгілі болды. 

Физика саласы бойынша премияны бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальцен иеленді. Ол «IceCube нейтрино обсерваториясының жұмысына шешуші үлес қосқаны және астрофизикалық тектегі жоғары энергиялы нейтриноларды ашқаны үшін» марапатталды. 2011 жылы Антарктидада салынған обсерватория көлемі бір текше шақырым мұздан тұрады және жарық детекторларымен жабдықталған. Оның көмегімен ғалымдар алыс ғарышта орасан зор энергия бөлінуі кезінде пайда болатын өте ұсақ нейтрино бөлшектерін бақылай алады.

Химия саласы бойынша Нобель сыйлығы француз ғалымы Анри Каган мен жапон ғалымы Кенсо Соайға берілді. Олар «асимметриялық органикалық синтездегі сызықтық емес әсерлер мен автокатализді ашып», тірі организмдердегі химиялық асимметрия құбылысын түсіндіре алғаны үшін марапатталды. «Анри Каган мен Кенсо Соай бір ғасырдан астам уақыт бойы шешімін таппай келген «гомохиралдылық қалай өздігінен пайда болуы мүмкін?» деген химиялық жұмбақтың жауабын тапты. Олар ашқан химиялық реакциялар таңғаларлық», – делінген Нобель комитетінің баспасөз хабарламасында.

Ал физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына америкалық нейробиолог әрі психиатр Карл Дейссерот және неміс биофизиктері Петер Хегеман мен Георг Нагель лайық деп танылды. Оларға бұл марапат «жарық арқылы басқарылатын иондық арналар мен оптогенетикаға қатысты жаңалықтарды ашқаны» үшін берілді. «Петер Хегеман мен Георг Нагель біржасушалы балдырдан таңғажайып ақуызды – арналық родопсинді ашты. Ал Карл Дейссерот бұл ақуызды жүйке жасушаларын жарық арқылы басқаруға мүмкіндік беретін қосқышқа айналдырды. Лауреаттар нейроғылымның жаңа дәуірінің негізін қалады», – делінген Каролин институты Нобель ассамблеясының хабарламасында. Оптогенетика – «тірі мида жүйке жасушаларының естеліктерді, сезімдерді және мінез-құлықты қалай қалыптастыратынын зерттеуге мүмкіндік беретін» әдіс, деп атап өтті институт.

Биыл Нобель сыйлығының тағайындалғанына 125 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай жүлде қоры 1 миллион кронға арттырылып, 12 миллион кронға (шамамен 1,2 миллион доллар) жетті. Лауреаттарға сондай-ақ дипломдар мен Нобель медальдары табысталады. Марапаттау рәсімі дәстүр бойынша 10 желтоқсанда, Альфред Нобель қайтыс болған күні Стокгольм мен Ослода өтеді.

Дереккөз: https://www.nobelprize.org/prizes/chemistry/2026/summary/
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар