Әлемдегі ғылым

Ғалымдар асқазан қатерлі ісігінің алдын алудың ықтимал жолын анықтады

05.10.2026

3

Берлиндегі Шарите – Берлин медицина университетінің ғалымдары асқазан қатерлі ісігінің пайда болуына дейінгі маңызды процесті анықтады. Зерттеу нәтижесінде кең таралған Helicobacter pylori бактериясының созылмалы инфекциясы асқазан тініндегі жасушалардың өзара байланысын өзгертіп, сау тіннің қатерлі ісік алды жағдайға өтуіне ықпал ететіні белгілі болды.

Ғалымдар он мыңдаған жеке жасушаны бір жасушалық секвенирлеу әдісімен зерттеп, инфекция кезінде әртүрлі жасушаларда қандай гендердің белсенді болатынын анықтаған. Сонымен қатар жануарларға тәжірибе жасап, асқазан тінінің органоидтары арқылы жасушалар арасындағы сигнал алмасуды зерттеген.

Зерттеу барысында H. pylori инфекциясы алдымен асқазанның табиғи қорғанысын бұзатыны анықталды. Бұған жауап ретінде иммундық жасушалар тінге жиналып, қабынуды күшейтетін интерлейкин-1β молекуласын бөледі. Бұл сигнал асқазанның ішкі қабатының өзіне емес, оның астындағы дәнекер тін жасушаларына әсер етеді. Ал дәнекер тін жасушалары асқазанның шырышты қабатын өзгертіп, оның белсенді өсуіне ықпал ететін тағы бір сигналды іске қосады.

Осылайша, жарақатты қалпына келтіруге арналған табиғи бағдарлама ұзаққа созылған қабыну жағдайында қалыпты қызметінен ауытқып, жасушалардың шамадан тыс бөлінуіне және тіннің қатерлі ісік алды жағдайға ауысуына әкелуі мүмкін. Ғалымдар дәнекер тіннің бұл процесте жай ғана қатысушы емес, қабыну мен тіннің қалыптан тыс өсуін байланыстыратын негізгі «аралық буын» екенін анықтады.

Зерттеушілердің айтуынша, H. pylori-ді жою асқазан қатерлі ісігінің қаупін төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді. Әсіресе отбасында асқазан қатерлі ісігі кездесетін, тиісті белгілері бар немесе бактерия жұққаны анықталған адамдарға тексеруден өтіп, инфекция расталса, ем қабылдау маңызды.

Алайда бактерия жойылғаннан кейін де кейбір адамдарда асқазан тінінің өзгерген күйі сақталуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар қатерлі ісік алды өзгерістерге қарай бет алған тінді ерте анықтайтын молекулалық маркерлер әзірлеуде. Сонымен қатар интерлейкин-1β сигналын дәнекер тін жасушаларына жеткізетін жолды тежеу болашақта алдын алу емінің ықтимал бағыты ретінде қарастырылып отыр.

Зерттеу Nature Communications журналында 2026 жылғы 5 қыркүйекте жарияланған. Авторлар Helicobacter pylori инфекциясы асқазан тінін эмбриондық даму мен жараның жазылуы кезінде болатын бағдарламаға ұқсас күйге ауыстыратынын көрсетті. Бұл жаңалық қатерлі ісік әлі қалыптаспай тұрған кезеңде оның дамуын тежеудің жаңа тәсілдерін іздеуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://scitechdaily.com/scientists-find-a-possible-way-to-interrupt-stomach-cancer-before-it-begins/
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар