Әлемдегі ғылым

Металлургиялық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған жоба

30.09.2026

25

Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының жас ғалымдары отандық шикізатты пайдалана отырып, ферротитан өндіру технологияларын әзірлеп жатыр. Зерттеу жұмыстары металлургиялық өндірістің тиімділігін арттыруға және еліміздің шикізат қорын өңдеу ісіне барынша кеңінен тартуға бағытталған.

Титан болаттың құрылымын реттеп, оның пайдалану қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік беретіндіктен, ферротитан қазіргі металлургияда сұранысқа ие. Осыған байланысты оны өндірудің қолжетімді әрі технологиялық тұрғыдан тиімді тәсілдерін іздестіру – өзекті бағыттардың бірі.

Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты филиалының жас зерттеушілері жүргізіп келеді. Ғалымдар кондицияға сай келмейтін ильменит концентраттары мен күлділігі жоғары көмір негізіндегі кешенді титан құрамды тотықсыздандырғыштарды пайдаланып, ферротитан алу технологияларын әзірлеуде.

Зерттеу барысында бастапқы материалдардың физика-химиялық қасиеттері зерделеніп, термодинамикалық модельдеу жүргізіледі. Сонымен қатар зертханалық және ірілендірілген зертханалық балқыту жұмыстары атқарылады. Атап айтқанда, алынған кешенді титан құрамды қорытпаны құрамындағы титан мөлшері 65%-дан асатын ферротитан балқытуда пайдалану мүмкіндігі зерттелуде.

Алынған нәтижелер отандық шикізат қорын металлургиялық өңдеуге барынша толық тартуға және минералдық шикізатты кешенді өңдеу технологияларын одан әрі жетілдіруге ғылыми-технологиялық негіз қалайды. Бұл бағыт сұранысқа ие металлургиялық материалдар өндірісінде ресурсты үнемдейтін шешімдерді әзірлеуді де көздейді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1301157
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар