Әлемдегі ғылым

Дауылдардың траекториясын дәстүрлі модельдерден ертерек болжай алатын ЖИ жүйесі әзірленді

14.09.2026

4

Google DeepMind және Google Research зерттеушілері тропикалық циклондардың траекториясын, қарқындылығы мен көлемін болжайтын WeatherNext Cyclones жүйесін әзірледі. Сынақ барысында бұл модель басқа жүйелермен салыстырғанда шамамен бір тәулік бұрын болжам жасауға мүмкіндік берген.

Жүйе жаһандық атмосфералық деректер мен 5 мыңға жуық тарихи тропикалық циклон туралы мәлімет қамтылған IBTrACS деректер базасы негізінде оқытылды. Зерттеушілер оны 2023–2025 жылдардағы дауылдар бойынша сынақтан өткізді.

Nature журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, WeatherNext Cyclones циклонның траекториясын, желдің максималды жылдамдығын және қатты жел соғатын аумақтың көлемін болжауда шамамен бір тәулік немесе одан да көп уақыт ұтқан. Айырмашылық әсіресе бес күнге дейінгі болжам кезінде байқалған. WeatherNext Cyclones жүйесінің траекторияны болжаудағы орташа қателігі шамамен 230 шақырым болса, ECMWF ансамбльдік моделінде бұл көрсеткіш 370 шақырым, ал Google-дың GenCast жасанды интеллект моделінде 335 шақырымды құраған.

WeatherNext Cyclones бір ғана траекторияны емес, дауылдың дамуының 1000-ға дейінгі ықтимал сценарийін жасайды. Бұл сирек кездесетін әрі қауіпті жағдайлардың, мысалы, дауылдың құрлыққа жетер алдында жылдам күшею ықтималдығын бағалауға мүмкіндік береді. Болжам 15 күнге дейін жасалады, ал бір толық есептеу арнайы TPU процессорында бір минуттан аз уақытта орындалады.

Жүйені 2025 жылғы дауыл маусымында АҚШ Ұлттық дауыл орталығының мамандары қолданған. Мелисса дауылы қалыптасқан кезде WeatherNext оның Ямайкаға жетер алдында бесінші санатқа дейін күшею қаупін алдын ала көрсеткен.

Зерттеушілердің айтуынша, жасанды интеллект метеорологтарды алмастырмауы керек. Оның міндеті – дәстүрлі физикалық модельдерді толықтырып, мамандарға болжам жасаудың қосымша құралын ұсыну. Жүйенің басты артықшылығы – уақыт. Қосымша бір тәулік жағалаудағы тұрғындарды эвакуациялауға, инфрақұрылымды дайындауға және халықты дер кезінде ескертуге көбірек мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://new-science.ru/ii-nauchilsja-predskazyvat-traektoriju-uraganov-primerno-na-den-ranshe-luchshih-tradicionnyh-modelej/
Фото ЖИ арқылы жасалды

«« | »»
Соңғы жаңалықтар