Әлемдегі ғылым

Заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарын кибершабуылдардан қорғаудың кіріктірілген жүйесі

10.09.2026

7

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары келесі буын ұшу аппараттарына арналған, киберқауіптерді нақты уақыт режимінде тиімді анықтауға, алдын алуға және бейтараптандыруға қабілетті көп деңгейлі қорғаныс жүйесін әзірлеп жатыр. 

Жобаның өзектілігі жаңа буындағы ұшу аппараттарының, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен сипатталады. Киберқорғаныстың тиімді әдістерін әзірлеу деректердің құпиялылығын сақтау және ақпараттық кеңістіктің ықтимал кибершабуылдар жағдайындағы жұмысындағы іркілістерді болдырмау үшін басым міндетке айналып отыр.

Мемлекеттік және жекеменшік секторлар ҰҰА технологияларын енгізуді белсенді түрде қолдауда, әрі қазіргі таңда бұл сала елеулі нарықтық мүмкіндіктерге ие. Пайдалану технологиялары, желілік инфрақұрылым, байланыс жүйелері және өндірістік әдістер саласындағы соңғы жетістіктердің арқасында ҰҰА қорғаныс саласынан тыс қолданылып, азаматтық секторда тиімді коммерциялық құрал ретінде кеңінен пайдаланылуда. Сонымен қатар қазіргі уақытта ҰҰА ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қолданылып, құтқару операциялары, мониторинг, бақылау және жүк тасымалдау секілді маңызды міндеттерді атқаруда.

Жоба барысында ұшқышсыз жүйелерге, навигациялық және коммуникациялық арналарға басым назар аудара отырып, жаңа буындағы ұшу аппараттарына бағытталған қазіргі және ықтимал киберқауіп-қатерлерге зерттеу мен талдау жүргізілді. ҰҰА жүйесіне төнуі мүмкін ақпараттық қауіптер деңгейі бойынша осалдықтар анықталып, жіктелді. Сондай-ақ киберқорғаныстың заманауи әдістерін жобаланатын жүйеге ықпалдастыру бойынша ұсынымдар әзірленді. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық база мен ҰҰА-ны кибершабуылдардан қорғаудың практикалық тәсілдеріне зерттеу жүргізілді. 

Бұдан бөлек, жүйенің әрбір деңгейі ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, оларды анықтау және өңдеудің дербес құралдарымен қамтамасыз етілген эшелонданған қорғаныс (defense-in-depth) қағидаты негізінде құрылған ҰҰА-ны киберқауіптерден қорғау жүйесінің концептуалды архитектурасы әзірленді. Деректерді беру арнасының қауіпсіздігін, борттық қауіпсіздік жүйесін және жерүсті басқару станциясын қорғауды қамтитын үш негізгі қорғаныс қабатынан тұратын құрылымдық модель қалыптастырылды. Әрбір қабат үшін мониторинг, кибершабуылдарды анықтау және оларға ден қою модульдерінің функциялары айқындалып, олардың өзара әрекеттесу қағидаттары ұсынылды. Телеметрия мониторингі, аномалияларды анықтау (шектік мәндерге негізделген және машиналық оқыту тәсілдері) және қорғаныс әрекеттерінің автоматты түрде орындалуын қамтамасыз ететін ден қою модулі ішкі жүйелерінің жұмысын бейнелейтін архитектуралық схемалар дайындалып, бекітілді.

Сонымен бірге қорғаныс деңгейінің ішкі жүйелері мен ҰҰА компоненттері арасындағы деректер алмасуды, датчиктер көрсеткіштерін өңдеу тәртібін, GPS-спуфингті анықтау алгоритмдерін және киберәсерлер жағдайында резервтік арналарға ауысу механизмін сипаттайтын блок-схемалар әзірленді. ҰҰА телеметрия арналары мен аномалияларды анықтау детекторының жұмысын эмуляциялайтын Python 3.12 негізіндегі бағдарламалық симуляциялау ортасы әзірленіп, ұсынылған архитектураның верификациясы симуляциялық ортада жүзеге асырылды және алынған мәліметтер өңделді.

Әзірленген жүйені енгізу ұшу аппараттары үшін қорғаныстың жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді. Бұл аса маңызды жағдайлардағы қорғаныс және азаматтық миссиялар сияқты жоғары қауіпсіздікті талап ететін міндеттер үшін ерекше өзекті. 

Ғылыми жоба: AP26101065 «Заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарын кибершабуылдардан қорғаудың кіріктірілген жүйесін әзірлеу және зерттеу»
Жетекшісі: Сатыбалдина Дина Жағыпарқызы, PhD, профессор, Ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтының директоры

Дереккөз: https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/b3e9a166-0546-4cd4-8b65-651de1ae1982.pdf
Фото: Adobe Stock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар