Әлемдегі ғылым

Қазақ ғалымдары картоптың жаңа сортын шығарды

08.09.2026

8

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының ғалымдары жоғары өнімділігімен және бірқатар ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» атты жаңа картоп сортын шығарды. Оны әзірлеу жұмыстары 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүргізілді.

Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайларына бейімделген, жоғары өнімді, ауруларға төзімді және шаруашылыққа құнды қасиеттері бар жаңа картоп сортын шығару. Осы бағытта дәстүрлі селекция әдістері заманауи биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық әдістермен ұштастырылды. Көп жылдық зерттеулер барысында картоптың перспективалы селекциялық материалдары кешенді бағаланып, олардың өнімділігі, пісіп-жетілу мерзімі, түйнектерінің морфологиялық және тауарлық сапасы, ауруларға төзімділігі және басқа да шаруашылыққа құнды белгілері зерттелді. Нәтижесінде құнды қасиеттер кешенімен ерекшеленетін перспективалы генотип іріктеліп, жаңа сорт ретінде ұсынылды.

«Айтхожин» сорты ерте пісетін, жоғары өнімді сорттар тобына жатады. Оның өнімділігі 35,0 тонна/гектарға дейін жетеді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері аз әрі ұсақ. Түсі сары және кескен кезде қараймайды. Крахмал мөлшері 14,1-18,3%, С дәруменінің мөлшері 21,1-24,3 мг% деңгейінде.

Сорттың маңызды ерекшеліктерінің бірі – картоптың мозаикалық X вирусына (PVX) төзімділігі. Сонымен қатар ол альтернариоз бен фузариоздық солу ауруларына салыстырмалы түрде төзімді. Бұл қасиеттер сорттың өндірістік әлеуетін арттырып, оны Қазақстан жағдайында өсіруге мүмкіндік береді.

Жаңа сортты шығару барысында екі ғылыми ұйымның зерттеу бағыттары өзара сабақтасты. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында селекциялық жұмыстар жүргізілсе, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында молекулалық-генетикалық зерттеулер орындалды. Ғылыми әдістердің үйлесуі селекциялық материалдарды жан-жақты зерттеп, олардың құнды белгілерін нақтылауға мүмкіндік берді.

Сорт авторларының қатарында ауыл шаруашылығы және биология саласының ғалымдары бар. Олардың ішінде Д.С.Шарипова, Ж.А.Тоқберенова, К.О.Шәріпов, О.В.Карпова, М.Ж.Қошмағамбетова, Б.Ж.Сейтмұратов, Е.С.Қойбағаров, Р.Қ.Балғабаева және ресейлік селекционер-ғалым Е.П.Шанина бар.

Сорттың «Айтхожин» деп аталуы да ерекше мәнге ие. Атау Қазақстандағы молекулалық биология ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, академик Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің ғылыми мұрасына құрмет ретінде таңдалған.

Қазіргі уақытта ғалымдар үшін келесі маңызды кезең – «Айтхожин» сортын мемлекеттік сортсынаққа ұсыну және оны селекциялық жетістік ретінде құқықтық қорғау рәсімдерін жүргізу. Кейінгі стратегиялық мақсат – жаңа отандық сортты өндіріске енгізіп, еліміздің тұқым шаруашылықтарын жоғары сапалы бастапқы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету және отандық картоп тұқым шаруашылығының тұрақты дамуына ғылыми негіз қалыптастыру.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1286508?lang=kk
Фото: Gov.kz / ЖИ арқылы өңделді

«« | »»
Соңғы жаңалықтар