Карбоондейлдегі (АҚШ) Оңтүстік Иллинойс университетінің зерттеушілері қайта өңделген пластиктен піспенан жасады. Бұл әзірлеме NASA қаржыландыратын Deep Space Food Challenge бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама ұзақ уақытқа созылатын ғарыш сапарлары кезінде астронавттарды азық-түлікпен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге бағытталған.
Технологияда пластик пен ауыл шаруашылығы қалдықтарын жеуге жарамды ақуыздар, майлар мен хош иістендіргіштерге айналдыратын арнайы ашытқылар қолданылады. Кейін суспензия 3D-принтер көмегімен дискі тәрізді піспенан пішініне келтіріледі.
Ғалымдар пластиктің ең кең таралған түрлерінің бірі — полиэтилентерефталатты (ПЭТ) пайдаланады. Ол көбіне бір рет қолданылатын су бөтелкелерін өндіру үшін қолданылады. Алдымен ПЭТ «қорытылады», яғни қатты материал көміртекке бай ұсақ молекулаларға ыдыратылады. Келесі кезеңде бұл молекулалар ашытқыларға беріледі. Олар пластиктен алынған молекулаларды қорек ретінде пайдалана алатындай етіп генетикалық тұрғыдан қайта бағдарламаланған.
Ашытқылар пластик құрамындағы көміртекті ақуыздар, майлар және басқа да қоректік заттарды қоса алғанда, жаңа биологиялық молекулаларға айналдырады. Оларды крахмалмен араластырып, жеуге жарамды өнімдердің пішінін беруге болады. Ал ашытқылардың басқа бір штамы өсімдік биомассасынан ваниль хош иістендіргішін өндіру үшін қолданылды.
«Біз оларды әлі тағам ретінде қолданып көрген жоқпыз, өйткені адамға сынақ жүргізуге рұқсат берілгенін күтіп отырмыз», — деді жоба жетекшісі, доктор Лахиру Джаякоди. Сонымен қатар команда піспенанның хош иісі жоғары бағаға ие болғанын атап өтті.
Піспенан өндірудің құны 1 келіге 60 долларды (шамамен 5000 рубль) құрайды. Алайда әзірлеушілер ашытқылардың тиімділігін арттырып, өндіріс ауқымын кеңейту арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге болады деп отыр.
Команда қайта өңделген пластиктен тағам жасау тұжырымдамасы тек ғарышта ғана емес, Жерде де пайдалы болуы мүмкін деп есептейді. Мысалы, бұл технологияны сүңгуір қайықтарда немесе табиғи апаттар орын алған аймақтарда қолдануға болады. Сондай-ақ технология пластик қалдықтары мен азық-түлік өндірісіне қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: https://www.theguardian.com/food/2026/aug/24/cookies-plastic-astronauts-space-food
Фото: The Guardian