Қазақстан ғылымы

Ғалымдар Алматы жерінің деформациясын алғаш рет 3D картаға түсірді

20.08.2026

6

Ғалымдар Алматы мен оған іргелес аумақтардағы жер бетінің деформациясын алғаш рет үш өлшемді картаға түсірді. Зерттеу жеті жыл бойы жүргізілген спутниктік бақылауларға негізделген және нәтижелер тәуелсіз жерүсті өлшемдері арқылы тексерілген. Алынған деректер инфрақұрылымды бақылауға, геологиялық, геотехникалық және сейсмикалық тәуекелдерді бағалауға, сондай-ақ қаланы жоспарлауға пайдаланылуы мүмкін.

Advances in Space Research журналында жарияланған зерттеуді Назарбаев университетінің Инженерия мектебіндегі Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доктор Эмиль Байрамов бастаған ғалымдар Ионосфера институтымен бірлесіп жүргізген.
Зерттеу нәтижесі аймақтың әр бөлігінде жер бетінің бір мезетте көтеріліп, шөгіп және көлденең бағытта жылжып жатқанын көрсетті. Бұл мәліметтер аталған процестердің картаға түсірілген жарылымдармен кеңістіктік байланысын зерттеуге және адам әрекетінің ықтимал әсерін бағалауға мүмкіндік береді. 

Зерттеу бойынша жер бетінің тік бағыттағы жылдық деформация жылдамдығы −95 миллиметрден +52 миллиметрге дейін жетеді. Яғни кейбір аумақтар жылына 95 миллиметрге дейін төмендесе, кейбір жерлер 52 миллиметрге дейін көтеріледі. Батыс-шығыс бағытындағы көлденең жылжу жылына батысқа қарай 156 миллиметрден шығысқа қарай 211 миллиметрге дейін жетеді. Солтүстік-оңтүстік бағытындағы қозғалыс оңтүстікке қарай 20 миллиметрден солтүстікке қарай 19 миллиметрге дейін тіркелген.

Зерттеу нәтижелері қалалық инфрақұрылымды егжей-тегжейлі бақылауға, сейсмикалық, геологиялық және геотехникалық тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мәліметтер қаланың болашақтағы дамуын жоспарлау кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Дереккөз: https://kaz.inform.kz/news/almati-zhernn-deformatsiyasi-algash-ret-3d-kartaga-tusrld-4332e5cb
Фото: Pixabay

«« | »»
Соңғы жаңалықтар