АҚШ-тың молекулалық биологтары оба ауруының ең ауыр түрі саналатын өкпе обасына қарсы құрама вакцинаны әзірлеп, оны тышқандарға сәтті сынақтан өткізді. Әлсіретілген оба бактериясы мен аденовирустық вакцинаның үйлесімі зертханалық жануарлардың 100 пайызын өлімге әкелетін инфекциядан қорғады. Зерттеу нәтижелері Science Translational Medicine ғылыми журналында жарияланды.
Зерттеушілердің айтуынша, олар оба қоздырғышының әлсіретілген штамдары негізінде екі вакцина жасап, оларды жеке де, сондай-ақ үш валентті аденовирустық вакцинамен бірге де сынаған.
«Екі жағдайда да күшті гуморалдық және жасушалық иммундық жауап қалыптасты. Соның нәтижесінде тышқандардың 80-100 пайызы тыныс алу жолдарына өлімге әкелетін мөлшерде бактерия енгізілгеннен кейін аман қалды», – деп жазады зерттеу авторлары.
Зерттеу жетекшісі, АҚШ-тағы Техас университетінің профессоры Ашок Чопраның айтуынша, оба ауруының бірнеше түрі бар және олардың кейбірі адам өміріне ерекше қауіп төндіреді. Солардың бірі – өкпе обасы, ол Yersinia pestis бактериясы тыныс алу мүшелеріне түскен кезде дамиды.
Қазіргі кезде өкпе обасын антибиотиктермен емдеуге болады. Алайда бактериялардың дәрілік препараттарға төзімділігінің артуы антибиотиктер әсер етпейтін жаңа Yersinia pestis штамдарының пайда болу қаупін күшейтіп отыр. Сондықтан ғалымдар тек бубонды обаға ғана емес, өкпе обасына қарсы да тиімді вакцина жасауға күш салуда.
Жаңа вакцина өкпе обасын қоздыратын CO92 штамының әлсіретілген түрі негізінде әзірленген. Ғалымдар бактерия геномынан оның адам ағзасында тіршілік етуіне аса маңызды үш генетикалық бөлікті алып тастаған. Осылайша вакцинаның екі нұсқасы жасалып, олар жеке және бұрын әзірленген Ad5-YFV аденовирустық вакцинасымен бірге тексерілді.
Сынақ нәтижелері жаңа вакциналардың жеке қолданылған кезде-ақ тышқандардың 80 пайыздан астамын өлімнен қорғағанын көрсетті. Ал Ad5-YFV вакцинасымен бірге қолданылғанда, барлық тәжірибелік жануарлар аман қалған.
Зерттеу барысында ғалымдар ағзада бактерияға қарсы антиденелердің ғана емес, сонымен қатар жасушалық иммунитеттің де қалыптасқанын анықтады. Профессор Ашок Чопраның пікірінше, бұл құрама вакцинаның ұзақ мерзімді қорғаныс қалыптастыруға қабілетті екенін көрсетеді.
Дереккөз: https://tass.ru/nauka/27942361
Фото: Istock