Қазақстан ғылымы

Авиациялық көлік техникасына қызмет көрсетуге арналған көпбейінді жаттықтыру кешені әзірленді

23.07.2026

3

Азаматтық авиация академиясының ғалымдары авиация персоналын иммерсивті оқытуға арналған инженерлік қолдау жүйесі бар жаттықтыру кешенін әзірледі.

Қазіргі авиациялық қауіпсіздік саласындағы тәжірибеде «қауіпсіздік жерден басталады» деген қағида басшылыққа алынады. Бұл әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсететін мамандардың және жалпы әуе тасымалы саласы қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын жетілдірудің маңыздылығын көрсетеді.

Жобаны әзірлеуге авиация саласындағы заманауи талаптарды қамтамасыз ету және көлік пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру қажеттілігі негіз болды.

Мамандарды даярлаудың тиімді тәсілдерінің бірі – виртуалды симуляция. Алайда қолданыстағы өнімдер инженерлік қолдау мүмкіндігін ескере отырып тәжірибе алмасу мәселесін толық шеше алмайды. Осыған байланысты инженерлік қолдау жүйесімен жабдықталған өзіндік жаттықтыру кешенін әзірлеу қажеттілігі туындады.

Ғалымдар әзірленіп жатқан бағдарламалық қамтамасыз ету негізінде аппараттық құралдарға қойылатын талаптарды қалыптастыруға арналған ғылыми негізделген математикалық модель жасады. Әзірлеу барысында бағдарламалық қамтамасыз етудің негізгі талаптарына сәйкес әртүрлі деңгейлер мен кезеңдердегі параметрлерді үйлестіруге негізделген жобалау әдістері қолданылды.

Әзірленген жаттықтыру кешені виртуалды ортада тәуекелі барынша төмен жағдайда практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін толыққанды әрі тиімді оқу құралы болып табылады.

Жаттықтыру кешенінің құрамына әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету және әскери техниканы пайдалану бойынша жаттығулар енгізілген. Бұл виртуалды ортада қауіпсіз жағдайда практикалық машықтарды игеруге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелеріне «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС қызығушылық танытты.

Әзірленген шешімнің модульдік құрылымы иммерсивті оқыту технологияларын дамытуға және оқу процесін дараландыруға ықпал етеді.
Жобаны іске асыру барысында қолданыстағы авиациялық заңнамаға, сондай-ақ ICAO, EASA және IATA халықаралық ұйымдарының талаптары мен ұсынымдарына сәйкестендірілген кәсіби стандарт әзірленді. Бұл стандарт білім беру және кәсіби даярлау бағдарламаларымен үйлесе отырып, мамандарды халықаралық талаптарға сәйкес даярлауға мүмкіндік береді.

Ғылыми-зерттеу жұмысы: АР19680080 «Әскери және арнайы авиациялық көлік техникасын техникалық пайдалануға арналған инженерлік қолдау жүйесі бар жаттықтыру кешенін әзірлеу».
Ғылыми жетекшісі: Қ. Көшеков, техника ғылымдарының докторы, профессор.
«« | »»
Соңғы жаңалықтар