Қазақстан ғылымы

Ғалымдар зақымданған жерді өздігінен қалпына келтіретін электронды тері жасады

20.07.2026

17

Сингапур ұлттық университетінің ғалымдары жанасуды сезетін, зақымдануды анықтайтын және тіпті су астында өздігінен қалпына келетін электронды тері әзірледі. Зерттеушілер бұл технологияны болашақта суасты роботтарына, бионикалық протездерге, өнеркәсіптік роботтарға және киілетін электроникаға енгізуді жоспарлап отыр. Зерттеу нәтижелері Advanced Materials ғылыми журналында жарияланды.

Жаңа технология SMES (Self-Healing Magnetoelectric Sensory System) деп аталады. Оның басты ерекшелігі – сыртқы қуат көзін қажет етпей жұмыс істеуі, жанасу мен жақындаған нысандарды анықтауы, зақымдануды өздігінен сезіп, ауада да, су астында да қалпына келе алуы.

Ғалымдар материалды адамның терісінен шабыт алып жасаған. Электронды терінің үстіңгі қабаты зақымдануды анықтайды, ал төменгі қабаттағы магнитоэлектрлік сенсор жанасуды тіркейді. Егер материал тесілсе, сызылса немесе кесілсе, жүйе мұны бірден анықтап, молекулалық байланыстардың арқасында өздігінен қалпына келу процесін бастайды.

Сынақтар барысында сенсор инемен тесілгеннен кейін бірнеше секунд ішінде бастапқы электрлік қасиеттерін қалпына келтірген. Материал бастапқы серпімділігінің 92%-ына дейін қайта қалпына келсе, су астында 10 күннен кейін қалпына келу тиімділігі шамамен 100%-ға жеткен.
Тағы бір маңызды артықшылығы – жүйе батареясыз жұмыс істейді. Электр сигналы электромагниттік индукция арқылы түзіледі. Сенсор жанасуға небәрі 41 миллисекундта жауап береді және 10 мың жұмыс циклінен кейін де тұрақты жұмысын сақтаған.

Зерттеушілер технологияның мүмкіндіктерін көрсету үшін екі прототип әзірледі. Біріншісі – сүңгуірлерге арналған ақылды қолғап. Ол қол қимылдарын танып, Bluetooth арқылы смартфонға «Қалыпты», «Жоғары көтеріліп барамын», «Төмен түсіп барамын», «Ұстап тұрмын» және «Көмек керек» сияқты хабарламаларды жібере алады. Екіншісі – су астында заттарды ұстап-тасымалдайтын әрі зақымданған жағдайда өздігінен қалпына келетін роботтандырылған қол.

Зерттеушілер жаңа технологияны болашақта өнеркәсіптік роботтарға, бионикалық протездерге және киілетін электроникаға енгізуді жоспарлап отыр. Олардың түпкі мақсаты – қоршаған ортаны сезіне алатын, зақымдануды өздігінен анықтап, тірі тері секілді өз қызметін қалпына келтіретін жұмсақ роботтандырылған жүйелерді жасау.

Дереккөз: https://new-science.ru/uchjonye-nauchili-jelektronnuju-kozhu-samostojatelno-zazhivljat-povrezhdenija/
Фото: Eurekalert.org

«« | »»
Соңғы жаңалықтар