Әлемдегі ғылым

Отандық құрылыс материалдарын әзірлеу жобасы жүзеге асырылуда

20.07.2026

25

Қазақ сәулет және құрылыс ғылымдары академиясының ғалымдары энергияны аз тұтынатын әрі қолжетімді отандық құрылыс материалдарын әзірлеуде.

Құрылыс көлемінің артуы қабырға материалдары мен жылуоқшаулағыш бұйымдарды қоса алғанда, түрлі құрылыс материалдарына сұранысты көбейтуде. Қазақстанда қабырға материалдары ретінде энергияны көп қажет ететін автоклавты блоктар, ал жылуоқшаулағыш материалдар ретінде минералды мақта мен полимерлі байланыстырғыштар негізіндегі, одан да көп энергия жұмсалатын тақталар кеңінен қолданылады. Сондықтан қасиеттері бойынша автоклавты блоктар мен базальт тақталарымен бәсекелесе алатын, энергия үнемдейтін әрі қолжетімді материалдарды әзірлеу өзекті мәселе болып отыр.

Осындай материалдардың бірі – кеуекті бетондардың түріне жататын автоклавсыз көбікбетон. Оның бірқатар артықшылықтарымен қатар, беріктігінің салыстырмалы түрде төмен болуы теориялық және тәжірибелік зерттеулер жүргізуді талап етеді.

Әзірлеменің ғылыми жаңалығы – автоклавсыз көбікбетонның төмен беріктігінің себептерін зерттеуге жаңа тәсілдің қолданылуында. Зерттеу барысында бір қоспадан дайындалған үлгі-егіздер салыстырмалы түрде сыналды: олардың бір бөлігі қысымы 8 атмосфера, температурасы 172 °C болатын қаныққан бу ортасындағы автоклавта қатайтылса, екінші бөлігі атмосфералық қысымда және 80-90 °C температурадағы булау камерасында қатайтылды. Бұл эксперименттік әдіс автоклавсыз кеуекті бетондардың беріктігінің төмен болу себептерін анықтауға және физикалық-механикалық қасиеттері жоғары тиімді материалдардың құрамдары мен оларды өндіру тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік берді.

Зерттеу нәтижесінде алғаш рет цементтің гидратация дәрежесі мен жылумен өңдеу режимі арасындағы тәуелділік тәжірибе жүзінде дәлелденді. Эксперименттің дәлдігі барлық сынама үлгілерінің бір ғана қоспадан дайындалуы арқылы қамтамасыз етіліп, өзге факторлардың әсері толықтай жоққа шығарылды.

Сығылғандағы беріктігіне жүргізілген сынақтар бірдей жағдайларда автоклавтық қатайту әдісі булау камерасында өңделген үлгілермен салыстырғанда беріктікті 75–83 пайызға арттыратынын көрсетті.

Технологияның экономикалық тиімділігі қолданылатын жабдықтың қарапайымдылығымен, өндірістік желіні ұйымдастыруға кететін капиталдық шығындардың аздығымен және бұйымдарды өндірудің төмен энергия сыйымдылығымен ерекшеленеді.

Ғылыми жоба: АР 19679517 – «Автоклавсыз кеуекті бетоннан жасалатын оқшаулағыш бұйымдарды өндірудің энергияны аз қажет ететін технологиясын тәжірибеде іске асыру».
Ғылыми жетекші: Б. Көпжасаров, техника ғылымдарының кандидаты.
«« | »»
Соңғы жаңалықтар