Әлемдегі ғылым

NASA Ай мен Марсты зерттеуге арналған 41 жобаны іріктеп алды

16.07.2026

6

NASA Ай мен Марсқа болашақта жүзеге асырылатын миссияларға қажет технологиялық мүмкіндіктерді дамыту үшін АҚШ-тың 37 компаниясы ұсынған 41 технологиялық жобаны таңдап алды. Бұл бастама агенттіктің 2025 жылғы Announcement of Collaboration Opportunity (ACO) бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бағдарламаның мақсаты – ғарыштық тасымал, ғаламшарлардың бетінде жұмыс жүргізу және Айды ұзақ мерзімді игеруге арналған инфрақұрылым сияқты бағыттардағы инновацияларды жеделдету.

ACO бағдарламасы компанияларға тікелей қаржылай қолдау көрсетуді емес, NASA-мен серіктестік орнатуды көздейді. Осы әріптестік аясында компаниялар агенттіктің зертханаларын, жабдықтарын, бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерін және техникалық сараптамасын пайдалана алады. Өз кезегінде бизнес өкілдері коммерциялық нарыққа да, болашақ мемлекеттік ғарыштық миссияларға да қажет болатын технологияларды әзірлеуді жеделдетуге мүмкіндік алады.

Бағдарлама 2015 жылы іске қосылғалы бері NASA осындай серіктестік арқылы 110-нан астам жобаны қолдады. Агенттік бұл жобаларға шамамен 30 миллион АҚШ доллары көлемінде ресурстар бөлсе, оған қатысқан компаниялар өз тарапынан қосымша 32 миллион доллар инвестиция салған. Әрбір келісімнің ұзақтығы 12 айдан 24 айға дейін болады, ал нақты мерзімі тараптардың жеке келіссөздері барысында айқындалады.

2025 жылғы іріктеу кезеңінде компаниялар NASA мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін басым бағыт деп белгілеген технологиялық жобаларды ұсынды. Олардың қатарында қозғалтқыш жүйелерінің құрамдас бөліктері, бағыттау және навигация жүйелері, ғарыш аппараттарын қондыру технологиялары, ғарыштағы сервистік қызмет көрсету, құрастыру және өндіріс технологиялары, сондай-ақ энергияны басқару жүйелері бар.

Іріктелген жобалар болашақ ғарыштық зерттеу миссияларының мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған түрлі технологияларды қамтиды.

Энергия өндіру 

Lockheed Martin компаниясы Күн сәулесі түспейтін Айдың мәңгілік көлеңкелі аймақтарында электр энергиясын өндіруге арналған ықшам әрі модульдік қуат жүйесін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл технология астронавтар мен жабдықтардың ұзаққа созылатын ай түнінде үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар компания талшықты лазерлерді және ғарыштағы жылуды тарату жүйесін пайдаланатын сымсыз энергия беру технологиясын дамытуды жалғастырады. Бұл шешім энергияны қашықтан жеткізу жүйесінің сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін арттыруға бағытталған.

Ғарыштағы логистика

Kall Morris Inc. компаниясы бұрынғы, қазіргі және болашақ ғарыш аппараттарына орнатуға болатын Asteria қосымша жүк бекіту жүйесін әзірлеуді жалғастырады. Жүйе арнайы басқарылатын, нысанға зақым келтірмейтін желім технологиясына негізделген, сондықтан оны орнату үшін алдын ала бекіту құрылғылары қажет емес. NASA мәліметінше, бұл технология ғарыш аппараттарының маневр жасау мүмкіндігін жақсартып, ғарыштағы нысандарды бақылауды, жерсеріктерді қорғауды, ғылыми деректер жинауды және миссиялардың қызмет ету мерзімін ұзартуды қамтамасыз ете алады.

Ай шаңынан қорғау технологиясы

Moonprint Solutions шағын компаниясы Айдың өте абразивті шаңынан жабдықтарды қорғайтын икемді қорғаныш қаптамаларын әзірлеуде. Бұл қаптамалар күрделі пішіндегі құрылғыларға оңай бейімделетіндіктен, ай көліктерін (роверлерді), роботтардың буындарын, шлангілерді және басқа да қозғалмалы механизмдерді қорғауға мүмкіндік береді. Аталған технология Ай мен Марста ұзақ мерзімді ғылыми және техникалық жұмыстарды жүргізуге де қолдау көрсете алады.

NASA-ның бағалауынша, іріктелген жобалардың пайдасы тек болашақ ғарыштық миссиялармен шектелмейді. Бұл технологиялар жетілдірілген сайын коммерциялық ғарыш саласының дамуына да серпін береді. Атап айтқанда, олар жаңа нарықтардың қалыптасуына, шығындардың азаюына, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігінің кеңеюіне және ғарыштық операциялардың мүлде жаңа мүмкіндіктерінің пайда болуына ықпал етеді.

Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2026/07/260713084855.htm
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар