Әлемдегі ғылым

Алғаш рет қашықтан басқарылатын роботтардың көмегімен операция жасалды

09.07.2026

4

Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ғалымдары әлемде алғаш рет клиникаға дейінгі сынақтар барысында хирургиялық операцияларды орындау үшін қашықтан басқарылатын адамтәрізді роботтарды сәтті қолданды.

Тәжірибе барысында приматтарға жатпайтын ірі сүтқоректілерге екі операция жасалды. Олардың бірінде хирург өт қабын алып тастау кезінде роботпен бірлесе жұмыс істеді. Ал екінші операцияны өзара үйлесімді әрекет еткен екі адамтәрізді робот толықтай өздері орындады.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл тәжірибе адамтәрізді роботтарды операциялық бөлмелерде қолданудың болашағы зор екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай жүйелер хирургтердің жұмысына көмек көрсетіп, қашықтан операция жасауға мүмкіндік беріп, білікті мамандар жетіспейтін өңірлерде күрделі медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейте алады.

Қашықтан басқарылатын және автономды адамтәрізді роботтар көптеген елдердегі хирург мамандарының тапшылығын шешудің бір жолына айналуы мүмкін. Кәдімгі хирургиялық құралдармен жұмыс істей алуы және әртүрлі міндеттерді орындауға бейімділігінің арқасында оларды болашақта ауруханаларда ғана емес, шалғай аймақтарда, табиғи апат аймақтарында және құтқару операцияларында да қолдануға болады.
Қазіргі таңда қолданылатын роботтандырылған хирургиялық жүйелер, әдетте, үш немесе төрт роботтандырылған манипулятордан, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуден және бірегей хирургиялық құралдардан тұратын мамандандырылған кешендер болып саналады. Мұндай жүйелердің салмағы шамамен 800 келіге жетеді, арнайы жабдықталған операциялық бөлмені және дайындықтан өткен көптеген маманды қажет етеді.

Зерттеу барысында биіктігі шамамен 1,5 метр, салмағы 27 келідей болатын **Surgie** адамтәрізді роботтары қолданылды. Ықшам өлшемдерінің арқасында оларды инфрақұрылымды түбегейлі өзгертпей-ақ кәдімгі операциялық бөлмелерде пайдалануға болады. Операция жасау үшін ғалымдар роботтарды стандартты хирургиялық құралдарды қолдануға мүмкіндік беретін арнайы бейімдегіштермен (адаптерлермен) жабдықтады. Операторлардың айтуынша, адамға ұқсас құрылымының арқасында мұндай роботтарды басқару анағұрлым табиғи әрі интуитивті болған.
Сан-Диегодағы Калифорния университетінің зерттеу тобының мәліметінше, клиникаға дейінгі сынақтар барысында роботтар қолданыстағы роботтандырылған хирургиялық платформалармен салыстыруға болатын дәлдік көрсетті.

Соған қарамастан, зерттеушілер адамтәрізді хирургиялық роботтарды кеңінен енгізуге дейін әлі де бірқатар техникалық мәселелерді шешу қажет екенін атап өтті. Операциялар кезінде роботтарды бірнеше рет қайта калибрлеуге тура келгендіктен, процедуралардың ұзақтығы дәстүрлі роботтандырылған жүйелерге қарағанда көбірек болды. Ғалымдардың пікірінше, мұндай шектеулер жаңа медициналық технологиялардың бастапқы даму кезеңіне тән.

Мамандардың айтуынша, роботтандырылған лапароскопияны қолданған алғашқы операциялар да бірнеше сағатқа созылған. Алайда технология жетілдірілген сайын олардың ұзақтығы айтарлықтай қысқарған.

Тағы бір маңызды мәселе – хирург пен робот арасындағы байланыс кідірісі. Ұзақ қашықтықтан операция жасау үшін, әсіресе мұндай жүйелер шалғай медициналық орталықтарда пайдаланылған жағдайда, командалардың берілу уақытын барынша азайту қажет.

Болашақта әзірлеушілер адамтәрізді роботтардың операциялық бөлмелердегі рөлі бұдан да ауқымды болады деп есептейді. Олар хирургиялық операцияларды орындап қана қоймай, құралдарды беруге, медицина қызметкерлеріне күнделікті жұмыстарда көмектесуге және операциядан кейінгі бөлмені жинауға да қатыса алады.

«Біздің мақсатымыз – адамтәрізді роботтар мен адамдар біртұтас команда ретінде жұмыс істейтін болашақтың операциялық бөлмесін құру. Бұл жүйе операцияларды кәдімгі ауруханаларда да, далалық медицина жағдайында да жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Сан-Диегодағы Калифорния университетінің электр және компьютерлік инженерия кафедрасының қызметкері Майкл Йип.

Дереккөз: https://new-science.ru/novaja-jekzoperchatka-pomogla-ljudjam-s-paralizovannymi-rukami-snova-uderzhivat-predmety/
Фото: New.science.ru

«« | »»
Соңғы жаңалықтар