«ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК «Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты» филиалының қызметкерлері Екатеринбург қаласында (Ресей) өткен Химиялық термодинамика бойынша XXV халықаралық конференцияның (RCCT-2026) жұмысына қатысты. Олар қазіргі заманғы электроника үшін аса перспективалы функционалдық материалдар класына жататын перовскит тәрізді құрылымы бар жаңа көпкомпонентті оксидті материалдарды зерттеу нәтижелерін ұсынды.
«Біз алғаш рет жаңа қосылыстардың термодинамикалық және электрфизикалық қасиеттері туралы кешенді мәліметтер алдық. Бұл олардың тұрақтылығын болжауға, функционалдық сипаттамаларын басқаруға және алдын ала берілген қасиеттері бар жартылай өткізгіш материалдарды жасауға мүмкіндік береді. Осындай материалдар қазіргі электрониканың негізін құрайды. Олар датчиктерді, электрондық компоненттерді, автоматтандыру жүйелерін, телекоммуникациялық жабдықтарды және энергия үнемдеу құрылғыларын әзірлеуде қолданылады.», – деп атап өтті делегация жетекшісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Шұға Қасенова.
Іссапар барысында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан ғалымдары сапар аясында техника ғылымдарының кандидаты Елена Корчагинамен (Д.И. Менделеев атындағы Бүкілресейлік метрология ғылыми-зерттеу институты) және химия ғылымдарының докторы, физикалық химия профессоры Андрей Зуевпен (Орал федералдық университеті) жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында бірлескен ғылыми зерттеулердің перспективалық бағыттары, термодинамикалық модельдеудің заманауи әдістерін қолдану мәселелері, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және жас ғылыми кадрларды даярлау мүмкіндіктері талқыланды.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1254534?lang=kk
Фото: Gov.kz