Әлемдегі ғылым

Қытай Жерге энергия жеткізетін ғарыштық күн электр станциясын жасап жатыр

23.06.2026

5

Қытай Жер бетіне геостационарлық орбитадан (36 000 шақырымнан астам қашықтық) энергия жеткізе алатын ғарыштық күн электр станциясын әзірлеуде. «Чжури» деп аталған жоба ғарыштан күн энергиясын сымсыз тасымалдау жүйесін құруды көздейді және әлемдік энергетикалық инфрақұрылымды түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Ғарыштық күн энергетикасы идеясы ғалымдар арасында жаһандық энергия тапшылығын шешудің ықтимал жолдарының бірі ретінде бұрыннан қарастырылып келеді. Жердегі күн электр станцияларынан айырмашылығы, орбитадағы қондырғылар түннің, бұлттылықтың немесе атмосфераның әсерінсіз күн энергиясын үздіксіз жинай алады, бұл олардың тиімділігін едәуір арттырады.

Технологияны Қытайдағы Сиань электрондық ғылымдар және технологиялар университеті әзірлеуде. Зерттеушілер болашақ жүйенің негізгі элементтерін сынақтан өткізіп жатыр. Жобаны электромеханика инженері, университеттің бұрынғы президенті профессор Дуань Баоян басқарады. Ол NASA әзірлеген SPS-ALPHA модульдік спутниктік жүйесі тұжырымдамасынан шабыт алған.

Шэньси провинциясының Сиань қаласындағы сынақ алаңында команда жүйенің негізгі компоненттерінің жұмысын көрсетті. Қондырғыда биіктігі 75 метр мұнараға орнатылған диаметрі 4,8 метрлік күмбез тәрізді айна қолданылады. Ол күн сәулесін фотоэлектрлік панельдерге шоғырландырып, электр энергиясына айналдырады. Кейін бұл энергия микротолқындық сәулеленуге түрлендіріліп, 100 метрден астам қашықтықтағы қабылдаушы антенна-түзеткішке жіберіледі. Онда энергия қайтадан пайдалануға жарамды электр қуатына айналады.

Сарапшылар комиссиясының мәліметінше, соңғы сынақтар киловатт деңгейіндегі қуатты беруге қол жеткізіп, энергияны бір уақытта бірнеше қозғалып тұрған нысанға дәл бағыттауға болатынын көрсетті.

Ғалымдар сондай-ақ диаметрі 2-ден 7 метрге дейінгі Френель линзалары сияқты баламалы оптикалық шешімдерді сынап жатыр. Олар конструкцияның салмағын азайта отырып, күн сәулесін тиімдірек шоғырландыруға мүмкіндік береді. Ал жылу жүктемелерін басқару үшін арнайы салқындатқыш сұйықтықтар пайдаланылады.

Профессор Фан Гуаньхэннің айтуынша, энергияны жеткізу процесі үш кезеңнен тұрады: күн сәулесін шоғырландыру, оны микротолқындарға айналдыру және кейін қайтадан электр энергиясына түрлендіру. Тәжірибелер күн белсенділігі ең жоғары болатын таңғы 10-нан түскі 15:00-ге дейін жүргізілген.

Зерттеушілердің мәліметінше, ғарыштағы күн сәулесінің қарқындылығы Жер бетіндегіден шамамен алты есе жоғары болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жүйелердің болашағы зор деп бағалануда.

Дегенмен, жобаны іске асыру жолында бірқатар күрделі техникалық мәселелер бар. Олардың қатарында орбитада ірі конструкцияларды орналастыру, микротолқындық сәулені аса дәл бағыттау және авиация мен қоршаған орта үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері бар.
Тұжырымдама бойынша, жүйе бір алып құрылымға емес, өзара үйлесімді жұмыс істейтін модульдік спутниктер тобына негізделеді. Бұл оның сенімділігін арттырып, қызмет көрсетуді жеңілдетеді.

Технологияны ұзақ мерзімді перспективада Жерді энергиямен қамтамасыз етумен қатар, Ай базаларын қуаттандыруға немесе спутниктерді ғарыштың өзінде зарядтауға пайдалануға болады. Толыққанды орбиталық жүйені іске қосу әлі болашақтың еншісінде болғанымен, зерттеушілер алғашқы ғарыштық сынақтарға қаржы тартуды жоспарлап отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ол таза энергияны үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етіп, әлемдік энергетика саласына үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін.

Дереккөз: https://new-science.ru/kitaj-sozdajot-kosmicheskuju-solnechnuju-jelektrostanciju-dlja-peredachi-jenergii-na-zemlju/
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар