Қазақстан ғылымы

Агросекторға миллиондаған теңге үнемдеуге мүмкіндік беретін өнертабыс

05.06.2026

32

Nazarbayev University ғалымдары мал азықтандыру процесін бақылауға арналған жасанды интеллектке негізделген ақылды жүйе – BunkSense-ті әзірлеп шығарды. Ол компьютерлік көру және автоматтандырылған деректер талдау технологияларын қолданады.

Жоба қазіргі мал шаруашылығының негізгі мәселелерінің бірі — бордақылау алаңдарындағы жем қалдықтарына тиімді бақылау жүргізуге кедергі келтіретін мәселелерді шешуге бағытталған. 10 000 бас ірі қараға арналған фидлот тәулігіне шамамен 100 тонна жем тұтынады, осылайша, тек азықтандыру шығынының өзі күніне шамамен 15 млн теңгені құрайды. Бүгінде бұл процесс көбіне қолмен бақыланады: зоотехник бір ауысымда 200-ге дейінгі жем науаларын аралап шығып, шамамен 15 шақырым жүріп, қалған жемді көзбен бағалайды. Мұндай бағалаудағы қателік 10%-ға дейін жетуі мүмкін, ал азықтандыру режимінің бұзылуы жануарлардың күйзеліске түсуіне, ауруларға және салмақ қосу көрсеткішінің 7%-ға дейін төмендеуіне әкеледі.

BunkSense бұл мәселені цифрлық жолмен шешуді ұсынады. Жүйе адам факторынсыз-ақ жем қалдықтарын автоматты түрде өлшеп, азықтандыру процесін неғұрлым дәл әрі тұрақты басқаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта команда MVP1 кезеңін сәтті аяқтады. Зертханалық жағдайда жүйе өлшеу дәлдігін 98%-ға дейін көрсетсе, жартылай далалық бақыланатын сынақтарда 86%-дан 97%-ға дейінгі нәтижелерге қол жеткізіп, технологияның жұмысқа қабілеттілігін дәлелдеді.

Қазір жоба MVP2 кезеңінде — команда прототипті нақты бордақылау алаңы жағдайында қолдануға дайын өнімге айналдырумен айналысуда. Келесі кезең — MVP3, ол толық автономды жүйені құруды көздейді: мобильді роботталған платформа ферма аумағында өздігінен қозғалып, адамның қатысуынсыз-ақ науаларды сканерлей алады.

Дереккөз: https://nu.edu.kz/news-kk/bunksense-nu-aezirlemesi-agrosektorgha-milliondaghan-tengge-uenemdeuge-muemkindik-beredi/
 Фото: Nu.edu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар