Қазақстан ғылымы

Корея ғалымдары бұлшықеті әлсіз адамдарға арналған экзосклет жасады

03.06.2026

17

Корея машина жасау және материалдар институтының (KIMM) алдыңғы қатарлы робототехника орталығының ғалымдары пішінін қайта қалпына келтіре алатын қорытпадан (SMA) жасалған өте жұқа талшықтарды тоқудың жаңа әдісін әзірледі. Бұл әдіс мата негізіндегі жасанды бұлшықеттерді жасауға мүмкіндік береді. Осы технологияның көмегімен роботтандырылған киім (экзоскелет) тігуге болады. Тестілеу нәтижелері көрсеткендей, мұндай киім оны киген адамның күшін арттырып, бұлшықетке түсетін жүктемені 40 пайызға дейін азайтады

Қазіргі үлгілер әлі де зертхана деңгейінде болғанымен, ғалымдар оны қозғалысы шектеулі адамдар мен бұлшықет әлсіздігі бар науқастарға арналған құрылғыларға бейімдеп жатыр. Жобаның жетекшісі, доктор Чхоль Хун Пактың айтуынша, әлем «өте қартайған қоғам» кезеңіне жақындап келеді, сондықтан адам қозғалысын жеңілдететін технологияларға сұраныс күрт өседі. Алайда мұндай құрылғылардың кең таралуы үшін олар жеңіл, ыңғайлы және арзан болуы тиіс. Қазіргі экзоскелеттер көбіне ауыр қозғалтқыштар мен пневматикалық жүйелерге сүйенеді, сондықтан олар қолайсыз әрі қымбат. Осы мәселені шешу үшін зерттеушілер бұлшықет талшықтарын тікелей матаға енгізу әдісін әзірледі.

Ғалымдар диаметрі небәрі 25 микрометр болатын SMA сымдарын қолданған — бұл адам шашынан шамамен төрт есе жіңішке. Олар спираль түрінде иіріліп, кәдімгі жіп сияқты тоқылады. Қыздырылған кезде бұл талшықтар 40–50°C температурада жиырылады, ал салқындағанда қайта қалпына келеді. Сол арқылы мата «жасанды бұлшықет» сияқты жұмыс істейді: жиырылады және босаңсиды. Жүйе батарея арқылы жұмыс істейді, ал оның салмағы шамамен 200 грамм ғана. Бір зарядпен экзоскелет орта есеппен 4 сағатқа дейін жұмыс істей алады.

Тестілеу кезінде салмағы 2 келіден аз арнайы күртеше шынтақ, иық және бел аймағына бір мезетте көмек көрсетіп, қайталанатын физикалық жұмыста бұлшықет жүктемесін 40 пайыздан астам азайтқан. Сонымен қатар, небәрі 10 грамм роботталған мата 10-15 келіге дейінгі жүкті көтеруге қабілетті екені анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, иық қозғалысына көмектесетін жеңіл құрылғы бұлшықет дистрофиясы (Дюшенн ауруы) бар науқастарға тексеріліп, иық қозғалысын 57 пайыздан астам жақсартқан.

Қазіргі уақытта команда шалбар түріндегі экзоскелет прототипін әзірлеуде. Ол баспалдақпен көтерілу, еңіс жермен жүру немесе ұзақ уақыт тұру қиынға соғатын адамдарға көмектесуі мүмкін.

Зерттеушілердің мәліметінше, технология коммерциялық серіктеске берілген жағдайда, 1–2 жыл ішінде нарыққа шығуы ықтимал.

Дереккөз: https://new-science.ru/uchenye-razrabotali-tkanevye-iskusstvennye-myshcy-iz-sverhtonkih-nitej-dlja-povyshenija-sily-cheloveka-na-40/
Фото: New-science.ru

«« | »»
Соңғы жаңалықтар