Қазақстан ғылымы

Қазақ ғалымдары білезік арқылы басқарылатын қол протезін жасады

25.05.2026

6

Қазақ ғалымдары мен студенттер бұлшықеттен шығатын электр импульстары арқылы басқарылатын жаңа буындағы бионикалық қол протезін әзірледі. Бұл технология қолданушыға түрлі қимылдар жасап, әртүрлі пішіндегі заттарды ұстауға мүмкіндік береді. Соның арқасында адам күнделікті тұрмыстағы әрекеттерді өз бетінше орындай алады. 

Жобаны әзірлеушілер оны GITEX AI Central Asia & Caucasus халықаралық форумында таныстырды. Жоба авторларының бірі — Аяулым Асылбекова. Оның айтуынша, құрылғыны қазақстандық техникалық жоғары оқу орындарының ғалымдары, магистранттары, докторанттары мен студенттерінен құралған пәнаралық топ жасап жатыр. 

«Ақылды қол» арнайы электромиографиялық датчиктері бар білезікпен бірге жұмыс істейді. Датчиктер қолданушы бұлшықеттерінің белсенділігін тіркеп, алынған деректерді машиналық оқыту жүйесіне жібереді. 

— Адам бұлшықетін жиырған кезде датчиктер сигналдарды қабылдап, оларды машиналық оқыту алгоритмдеріне жібереді. Жүйе сигналдар тізбегін талдап, белгілі бір қимылдарды таниды және протезге команда береді. Осыдан кейін құрылғы қажетті әрекетті орындайды, — деді Аяулым Асылбекова. 

Жоба ғылыми грант аясында жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, құрылғыны әзірлеу барысында бағдарламалық қамтамасыз етумен қатар материалдарды зерттеуге де ерекше көңіл бөлінген. Протезде титан мен пластиктің үйлесімі қолданылып, оның қолданушыға ыңғайлы әрі теріге зиянсыз болуы ескерілген. 

Қазіргі таңда команда құрылғының үшінші прототипімен жұмыс істеуде. Инженерлер алақан құрылымын жетілдіріп, оның қозғалыс дәлдігі мен функционалын арттыруды жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта зерттеушілер экзоскелет пен бионикалық аяқ протезін жасауды жоспарлап отыр.

Дереккөз: https://www.inform.kz/ru/kazahstanskie-uchenie-razrabotali-bionicheskiy-protez-ruki-supravleniem-cherez-b-4b66f39b
Фото: Kazinform

«« | »»
Соңғы жаңалықтар