Жаңа зерттеу мал жүнінен алынатын құрылымдық ақуыз — кератин тірі ағзалардағы сүйек тінін қалпына келтіруге көмектесетінін көрсетті. Бұл материал қазіргі таңда мұндай емдеу әдістерінде стандарт болып саналатын коллагенге қарағанда табиғи сау сүйекке көбірек ұқсайтын сүйек тінін түзген.
King’s College London зерттеушілері жүннен алынған кератинді жануарларға жүргізілген тәжірибелерде сынап көріп, оның зақымданған сүйек бөліктерінде жаңа сүйек тінінің өсуін бағыттай алатынын анықтады. Ғалымдардың айтуынша, бұл материал болашақта регенеративті медицина мен стоматологиялық процедураларда тиімді баламаға айналуы мүмкін.
Балама материалдарды зерттеу үшін ғалымдар жүннен алынған кератин негізінде мембраналар жасады. Материал сүйек тінінің қалпына келуін қолдайтын берік әрі тұрақты қаңқа құрылымдарын қалыптастыру мақсатында химиялық өңдеуден өткізілді.
Алдымен зерттеушілер кератин мембраналарын зертханада адамның сүйек жасушаларында сынады. Жасушалар сәтті өсіп, сау сүйек тінінің қалыптасуына тән айқын белгілер көрсетті. Кейін ғалымдар бұл мембраналарды бассүйегінде өздігінен жазылмайтын көлемді ақауы бар егеуқұйрықтарға имплантациялады. Келесі апталарда зерттеушілер кератин қаңқаларының зақымданған аймақтарда жаңа сүйек тінінің өсуін қалай қолдайтынын бақылады.
Коллаген мембраналары жалпы сүйек көлемін көбірек түзгенімен, кератин қаңқалары түзген сүйек тіні анағұрлым реттелген әрі құрылымдық жағынан тұрақты болған. Сондай-ақ талшықтардың орналасуы дұрыс болып, табиғи сау сүйектің құрылымына көбірек ұқсас келген.
Кератин мембраналары қоршаған тіндермен де жақсы үйлесіп, бүкіл жазылу процесі барысында тұрақтылығын сақтаған. Зерттеушілердің айтуынша, бұл қасиеттер материалды болашақта нақты медициналық тәжірибеде қолдану үшін аса маңызды.
Ғалымдар материалдың экологиялық артықшылықтарына да назар аударды. Жүн — табиғи шикізат, әрі мал шаруашылығы саласында көбіне қалдық ретінде тасталады. Сондықтан кератин медициналық мақсатта қолдануға болатын жаңартылатын әрі ауқымды көлемде өндіруге қолайлы материал ретінде қарастырылып отыр.
Дереккөз: https://scitechdaily.com/scientists-turn-wool-into-bone-healing-material-in-medical-breakthrough/
Фото: Istock