Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми Саммиті аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ясауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының капсуласын салу рәсімі өтті.
Жаңа ғылыми кешенде Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті, діні мен өркениеті кешенді түрде зерттеледі. Институт базасында халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылып, археографиялық және текстологиялық жұмыстар жүргізіледі, сирек қолжазбалар мен тарихи деректерді жинақтау, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары қолға алынады.
Сонымен қатар мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференциялар, симпозиумдар, ғылыми тағылымдамалар мен академиялық семинарлар ұйымдастырылады. Жас зерттеушілер мен докторанттарды даярлауға, түркітану, теология, тіл білімі және гуманитарлық ғылымдар бағытындағы пәнаралық зерттеулерді дамытуға ерекше басымдық беріледі.
Алты қабаттан тұратын жаңа ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады. Заманауи ғылыми-білім беру кешенінде Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология ғылыми-зерттеу институты, Ясауитану ғылыми-зерттеу институты, заманауи қолданбалы зертханалар, құнды қолжазбалар музейі мен көрме орталығы, түркология саласына қатысты сирек қолжазбаларды сақтауға және таныстыруға арналған арнайы көрме алаңдары орналасады.
Сондай-ақ ғимаратта 420 орындық халықаралық конференция залы, оқу және дайындық залдары мен аудиториялары, профессор-оқытушылар кабинеттері, деканат және әкімшілік бөлімшелердің кеңселері, асхана мен демалыс аймақтары қарастырылған. Кешенді шамамен 1 500-2 000 студентке арналған заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде пайдалану жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Ясауи ғылыми-зерттеу институтының жаңа ғимараты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен салынуда. Жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, түркі әлемінің ортақ интеллектуалдық кеңістігін қалыптастыруға тың серпін береді.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1221600?lang=kk
Фото: Gov.kz