Батыс Қазақстан аумағынан табылған теңіз бауырымен жорғалаушыларының қалдықтары ежелгі мұхит тарихынан сыр шертеді. Отандық ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде теңізде тіршілік еткен жойылып кеткен жануарлардың жаңа түрлері анықталып, юра дәуіріндегі мұхиттардағы тіршілік әлемі жан-жақты зерделеніп келеді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Жәмилә Болатқызының ғылыми қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі 2023-2025 жылдары «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Батыс Қазақстандағы қазба теңіз рептилияларының биоалуантүрлілігін зерттеу» жобасы болды. Зерттеу барысында алғаш рет Батыс Қазақстан мен Орта Еділ өңірі аумағындағы теңіз бауырымен жорғалаушылар өкілдеріне, соның ішінде Kazakhstanosaurus және Nannopterygius туыстарына жан-жақты сипаттама берілді. Бұл кейінгі юра дәуіріндегі теңіз экожүйелерінің эволюциясын қайта қалпына келтіруге және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ежелгі теңіздер арасындағы палеобиогеографиялық байланыстарды анықтауға мүмкіндік берді.
Kazakhstanosaurus туысы үшін типтік орын ретінде танылған әрі халықаралық маңызға ие Щучкино қонысы ерекше ғылыми құндылыққа ие. Жоба аясында морфологиялық және жүйелік зерттеулер жүргізіліп, қазба қалдықтарының цифрлық 3D-модельдері жасалды, деректер базасы қалыптасып, «Батыс Қазақстанның теңіз рептилияларының қазба қалдықтары» атты ғылыми атлас жарық көрді. Аталған атлас бүгінде білім беру үдерісінде және мұражайлар жұмысында қолданылып келеді.
Жүзеге асырылған зерттеулер ел үшін практикалық мүмкіндіктер де ашады, атап айтқанда, палеонтологиялық нысандар қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енгізіліп, ғылыми-танымдық туризм мен мұражай экспозицияларының бір бөлігі ретінде дамытылуы, сондай-ақ табиғи мұраны сақтау стратегияларын әзірлеуде пайдаланылуы мүмкін. Осылайша, Жәмилә Якупованың еңбегі заманауи ғылыми жобалардың іргелі зерттеулерді, білім беруді және қолданбалы міндеттерді өзара ұштастыра отырып, Қазақстанның бірегей табиғи мұрасын ғылым, қоғам және экономика үшін маңызды ресурсқа айналдыратынын көрсетеді.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1216051?lang=kk
Фото: Gov.kz