Ualikhanov University базасында министрліктің гранттық қаржыландыруы аясында «Қазақстандағы тоқішек ауруларының клиникалық-диагностикалық және морфологиялық детерминанттары: инновациялық тәсілдер мен шешімдер» атты ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жобаның ғылыми жетекшісі – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Өмір және денсаулық ғылымдары орталығының директоры Нұрбек Сағынбекұлы Игісін. Аталған зерттеу қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – тоқішек ауруларын, соның ішінде колоректалдық қатерлі ісікті кеш диагностикалау проблемасын шешуге бағытталған. Ерте анықтаудың жеткіліксіздігі аурудың асқынған түрлерінің артуына және қолайсыз клиникалық нәтижелерге әкелетіні белгілі.
Жоба аясында аурудың дамуына әсер ететін клиникалық-диагностикалық және морфологиялық факторларға кешенді талдау жүргізіледі. Сонымен қатар эпидемиологиялық үрдістер мен қолданыстағы скринингтік бағдарламалардың тиімділігі бағаланып, пациенттерді ерте анықтау және дер кезінде бағыттау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленіп жатыр.
Зерттеудің негізгі ерекшелігі – өңірде алғаш рет енгізіліп отырған капсулалық эндоскопия технологиясы. Бұл әдіс – дәстүрлі инвазивті процедураларды қолданбай-ақ асқазан-ішек жолдарын визуализациялауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық тәсіл.
Миниатюралық бейнекапсула асқазан-ішек жолдары арқылы табиғи түрде қозғалып, шырышты қабықтың жоғары дәлдіктегі бейнелерін береді. Нәтижесінде патологиялық өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға жол ашылып, диагностиканың дәлдігі артады, инвазивтілік төмендейді және тексеру қолжетімділігі кеңейеді.
Жоба нәтижесінде ауруларды ерте анықтау деңгейін арттыру, асқынған жағдайлардың үлесін азайту, скринингтік бағдарламаларды жетілдіру, медициналық көмектің сапасын арттыру көзделеді. Зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу халық денсаулығын жақсартуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1213385?lang=kk
Фото: Gov.kz