Әлемдегі ғылым

Аз уақытта өздігінен ыдырап кететін пластик ойлап табылды

04.05.2026

3

Ғалымдар арнайы белгі берілгенде өздігінен ыдырайтын ерекше пластик түрін жасады. Материалдың құрамына Bacillus subtilis бактериясының споралары енгізіліп, олар екі фермент өндіретіндей етіп «бағдарламаланған». Бірінші фермент ұзын полимер тізбектерін қысқа бөліктерге ыдыратса, екіншісі оларды бастапқы мономерлерге дейін толық ажыратады. Осылайша пластик толықтай бастапқы құрамдас бөліктеріне ыдырайды.

Негіз ретінде 3D-баспа мен кейбір медициналық бұйымдарда кең қолданылатын поликапролактон материалы пайдаланылды. Бактерия споралары «ұйқы күйінде» болған кезде пластик кәдімгі материал сияқты беріктігі мен пішінін сақтайды. Алайда жүйе іске қосылғанда (тәжірибеде бұл шамамен 50 °C температурадағы қоректік орта арқылы жүзеге асырылған) бактериялар пластик құрылымын ыдырата бастайды. Нәтижесінде материал небәрі алты күн ішінде толықтай жойылады.

Технологияның басты артықшылығы – пластик ыдыраған кезде микропластиктің түзілмеуі. Ферменттер кезең-кезеңімен жұмыс істеп, материалды ұсақ, бірақ тұрақты бөлшектерге айналдырмай, толықтай ыдыратады. Авторлардың пікірінше, мұндай тәсіл пластик ластануымен күрестегі жаңа құралға айналуы мүмкін. Әсіресе, егер жүйені қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде, мысалы, пластик қалдықтарының көп бөлігі түсетін су ортасында белсендіру мүмкіндігі жүзеге асса, технологияның маңызы арта түседі.

Технологияны таныстыру үшін ғалымдар осы материалдан оңай тағылатын электрод жасап шығарды. Құрылғы электромиографиялық сигналдарды дұрыс тіркеген, ал кейін шамамен екі апта ішінде толықтай ыдырап кеткен.

Дереккөз: https://www.ixbt.com/news/2026/05/03/uchenye-sozdali-plastik-kotoryj-sam-razlagaetsja-po-komande.html
Фото: Phys.org

«« | »»
Соңғы жаңалықтар