Қазақстан ғылымы

Саңырауқұлақтан жаңа антибиотик алынды

23.04.2026

11

Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің ғалымдары қыналардан бөлінген саңырауқұлақтардан жаңа антибиотиктер алып, олардың физика-химиялық және биологиялық қасиеттерін зерттеді.

Жоба барысында Ақмола облысынан Acarosporaceae, Anamylopsoraceae, Caliciaceae, Candelariaceae, Cladoniaceae, Coniocybaceae, Graphidaceae, Hydnaceae, Lecanoraceae, Lobariaceae, Megasporaceae, Naphroma, Ophioparmaceae, Parmeliaceae, Peltigeraceae, Physciaceae, Ramalinaceae, Stereocaulaceae, Teloschistaceae, Tephromelataceae, Trapeliaceae, Umbilicariaceae, Verrucariaceae тұқымдастарына жататын қыналар жиналды. Кейін морфологиялық белгілері бойынша 114 қына түрі сәйкестендірілді. Қыналарды анықтаудың дұрыстығы жұқа қабатты хроматография әдісі арқылы тексерілді.

Олардан лихенді және эндолихенді саңырауқұлақтар бөлініп алынды. Түрлік тиесілігі анықталып, биологиялық белсенділігі зерттелді. Қыналардан бөлінген 79 саңырауқұлаққа ITS, TEF1, RB2 маркерлері бойынша молекулалық-генетикалық сәйкестендіру жүргізілді.

Бағаналы хроматография әдісі арқылы Evernia sp. қынасынан бөлініп алынған эндолихенді Neurospora dictyophora саңырауқұлағынан 2-(4-(этоксикарбонил)фенил)сірке қышқылы бөлініп алынды. Бұл қосылыс әлеуетті антиоксиданттық және қабынуға қарсы белсенділікке ие.

Зерттеу нәтижесі төмендегідей болды:

  • Қазақстан және оған іргелес өңірлерден қыналар жиналып, олардың түрлік сәйкестендірілуі жүргізілді; 
  • қыналардан саңырауқұлақтар бөлініп алынды; 
  • саңырауқұлақтар Полимеразды тізбекті реакция әдісімен сәйкестендірілді; 
  • культуралық сұйықтықтың экстракттары алынып, қоюландырылған экстракттар дайындалды; 
  • культуралық сұйықтық экстракттарының антимикробтық, цитоуытты және антирадикалдық белсенділігі анықталды; 
  • Neurospora dictyophora саңырауқұлағынан антибиотик бөлініп алынды.

Ғылыми жоба: АР19679527 «Ақмола облысындағы қыналардан бөлінген саңырауқұлақтардың антибиотиктерінің құрылымын анықтау және олардың ісікке қарсы белсенділігін зерттеу»
Жетекшісі: Е.М. Сүлеймен

Фото: Adobe Stock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар