Қазақстан ғылымы

Мұнаймен ластанған жерлерді тазарту үшін гуминдік биопрепараттар жасалды

13.04.2026

9

Көмір химиясы және технологиялар институтының ғалымдары мұнаймен ластанған жерлерді тазарту және қалпына келтіру үшін гуминдік заттардың хелатталған кешендері негізінде модификацияланған гуминдік биопрепараттардың (МГП) технологиясын әзірлеу және қолдануға бағытталған зерттеу жобасын жүзеге асырды. 

Зерттеулер жүргізу үшін заманауи аналитикалық әдістер мен аспаптардың кешені пайдаланылды. Гуминдік заттардың құрылымдық-химиялық құрамы Bruker Alpha II ИҚ-спектроскопиялық аспабында анықталды, бұл функционалдық топтарды және молекулалық құрылымның ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік берді. Топырақтағы және өңделген үлгілердегі ауыр металдардың мөлшері атомдық-абсорбциялық спектрометрия әдісімен анықталды, бұл гуминдік препараттардың детоксикациялық әлеуетін бағалауға мүмкіндік берді. Рекультивацияның тиімділігін және топырақтың мұнай өнімдерімен ластану деңгейін бағалау үшін МЕМСТ (РД 52.18.647-2003) бойынша гравиметриялық әдіс қолданылды, ол үлгілердегі көмірсутектердің қалдық мөлшерін сандық түрде анықтауды қамтамасыз етті.

Жоба аясында сорбциялық және детоксикациялық қасиеттері күшейтілген модификацияланған органикалық гуминдік биопрепараттар (N, Si, NPK, Fe, Ca, Mg, CO2) әзірленді. ИҚ-спектроскопия көмірсутектерді байланыстыруға қатысатын белсенді карбоксилдік, фенолдық және гидроксилдік топтардың бар екенін растады. Мұнаймен ластанған топырақтарды сынау барысында 90 тәулік ішінде гравиметриялық әдіс бойынша (МЕМСТ/РД 52.18.647-2003) мұнай өнімдерінің мөлшері 70–85%-ға дейін төмендегені анықталды. Сонымен қатар, топырақтың құрылымы, су және ауа өткізгіштігі жақсарды, микробиологиялық белсенділік қалпына келді, табиғи өсімдік өскіндері пайда болды. Алынған нәтижелер гуминдік заттардың мұнаймен ластанған жерлерді рекультивациялау барысында сорбенттер және биостимуляторлар ретінде тиімді екенін және технологияны кең көлемде енгізу мүмкіндігін растады.

Жобаның ғылыми жаңалығы – тотыққан қоңыр көмір негізінде мұнай көмірсутектері мен ауыр металдарға қатысты жоғары сорбциялық және детоксикациялық белсенділікке ие модифицирленген гуминдік препараттарды әзірлеуде болып отыр. Әзірленген гуминдік препараттар арзан өзіндік құнымен, шикізаттың қолжетімділігімен, топырақты тазалаудағы жоғары тиімділігімен (70–95%) және жоғары шығынсыз өндірістік деңгейде енгізу мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Ғылыми жоба: «Гуминдік заттарды қолдану арқылы мұнаймен ластанған жерлерді зерттеу және қалпына келтіру» 
Жетекшісі: т.ғ.к. (PhD), Ж.М. Касенова

Фото ChatGPT-мен жасалды

«« | »»
Соңғы жаңалықтар