АҚШ-тағы Johns Hopkins Medicine және Johns Hopkins Bloomberg School of Public Health ғалымдары туберкулезге қарсы жаңа тәжірибелік вакцина жасап шығарды. Вакцина мұрын арқылы енгізіледі және туберкулез бактерияларының емге төзімді түрлеріне қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған.
Зерттеу нәтижелері Journal of Clinical Investigation журналында жарияланды. Ғалымдардың айтуынша, бұл вакцина ұзақ уақыт антибиотиктерге төтеп бере алатын және аурудың қайта оралуына себеп болатын бактерияларды жоюға көмектеседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының шамамен төрттен бірі, яғни 2 миллиардқа жуық адам туберкулездің жасырын түрін тасымалдайды. 2024 жылы 10 миллионнан астам адам белсенді туберкулезге шалдыққан, ал 1,2 миллион адам осы аурудан қайтыс болған.
Жаңа вакцина relMtb және Mip3α гендерінің негізінде жасалған. relMtb гені бактериялардың антибиотиктерге төзімді болуына көмектессе, Mip3α иммундық жасушаларды тартып, оларды бактерияларға қарсы белсенді жұмыс істеуге ынталандырады.
Ғалымдар вакцина мұрын арқылы енгізілгенде өкпедегі тыныс жолдарына тікелей әсер ететінін айтады. Бұл өкпеде ұзақ уақыт сақталатын жергілікті иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде вакцина антибиотиктермен бірге қолданылған кезде бактериялардың тезірек жойылуына, өкпедегі қабынудың азаюына және аурудың қайта пайда болмауына ықпал еткені анықталған. Сонымен қатар ол дәріге төзімді туберкулезді емдеуде қолданылатын bedaquiline, pretomanid және linezolid препараттарының тиімділігін арттырған.
Резус-макакаларға жасалған сынақтар да оң нәтиже көрсеткен. Вакцина қанда және тыныс жолдарында туберкулезге қарсы ұзақ мерзімді иммундық жауап қалыптастырған. Бұл әсер кемінде алты ай сақталған.
Дегенмен, зерттеушілер вакцина әлі адамдарға сыналмағанын атап өтті. Қазіргі таңда қосымша зерттеулер қажет. Егер болашақта бұл тәсіл тиімділігі дәлелденсе, туберкулезді емдеудің жаңа әдісіне айналуы мүмкін.
Дереккөз: https://scitechdaily.com/johns-hopkins-scientists-develop-nasal-dna-vaccine-for-tuberculosis/
Фото: Istock