Қазақстан ғылымы

Ұшқышсыз технологиялар саласындағы отандық әзірлемелер

08.04.2026

6

«Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы 2020 жылдан бері әртүрлі мақсаттағы ұшу аппараттарын әзірлеумен айналысып келеді. Аталған технологиялар әуе, су, суасты және жер үсті кеңістіктерінде барлау және бақылау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы мен әскери салада қолдануға арналған.

Жоба ҚР ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, «Әртүрлі экономикалық салалардың қажеттіліктері үшін отандық әзірлемедегі ұшқышсыз авиациялық кешендерді (ҰАК) өндіру» тақырыбын қамтиды.
Орталықтың қызметі қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі отандық ғылымды дамытуға, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери және қос мақсаттағы өнімдерді жаңғырту мен жаңа түрлерін әзірлеуді ғылыми-техникалық тұрғыда қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар орталық инновациялық идеяларды өнеркәсіптік сериялық өндіріске жеткізу мақсатында жаңалық табушыларға қызметтердің толық спектрін ұсынып, жобаларды кешенді қолдау және сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Бүгінде орталық әуе робототехникасы бағытында мемлекеттік сектор, қоғамдық қауіпсіздік және өндірістік кәсіпорындар үшін бірқатар заманауи шешімдер әзірлеген. Олардың қатарында нысаналарды анықтау мен зақымдауға арналған «Жебе» тосқауылдау оқ-дәрісі, оқу-жаттығу мақсатындағы ұшқышсыз әуе нысаналары, теңіз операцияларына арналған экипажсыз кеме, мобильді роботтехникалық кешендер, сондай-ақ мониторинг, барлау және арнайы тапсырмаларды орындауға арналған «Қарақұс», «МАСА», «Saryarqa», «JETISÝ», «SAMŪRYQ» және «Шағала-М» сияқты ұшқышсыз жүйелер бар.

Аталған әзірлемелер отандық ғылымның қорғаныс және жоғары технологиялар саласындағы әлеуетін арттырып, еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1194829?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар