Цифрлық экономиканың қарқынды дамуы қазіргі таңда бизнес, қаржы және ақпараттық технологиялар салаларында жаңа мүмкіндіктер мен жаңа қауіптерді әкеліп жатыр. Интернет-коммерция, онлайн қызметтер және цифрлық қаржы операциялары адамдардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады, алайда бұл процестерді қадағалау мен бақылау мәселелері де күн тәртібіне шығып отыр. Осы саладағы басты қауіптердің бірі – дропперлердің әрекеті, яғни заңсыз операцияларды жүзеге асыру үшін делдалдық қызмет көрсететін тұлғалар. Дропперлер көбінесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүддесі үшін әрекет етеді және нақты инициаторларды жасыра алады. Бұл фактор цифрлық экономиканың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
ҚазҰУ ғалымдары жүргізіп отырған зерттеу дропперлерді бақылау және олардың құқықтық негіздерін жетілдіру мәселелеріне арналған. Жоба шеңберінде құқықтық, қаржылық және технологиялық аспектілер интеграцияланып, дропперлерді қылмыстық схемаларда пайдалануға мүмкіндік беретін заңдық пробелдерді анықтау, халықаралық тәжірибені талдау және инновациялық бақылау механизмдерін әзірлеу көзделген. Бұл тәсіл зерттеуді тек теориялық тұрғыдан емес, практикалық мағынада да тиімді етеді.
Дропперлердің әрекеті әртүрлі қылмыстық операцияларды қамтиды, оның ішінде ақша жуу, кредиттік карталармен алаяқтық жасау, жеке деректерді манипуляциялау және басқа да заңсыз іс-әрекеттер бар. Бұл әрекеттер нарықтағы заңды реттеуді бұзады, сондықтан дропперлер ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін тиімді құралға айналады. Қазақстандағы және басқа елдердегі құқықтық норма кейде осы қатерге қарсы жеткіліксіз болып табылады. Көптеген мемлекеттерде дропперлердің әрекеттеріне қатысты нақты заңнамалық база жоқ, бұл құқықтық олқылықтарды қылмыскерлер тиімді пайдаланады.
Зерттеудің мақсаты – дропперлердің құқықтық мәселелерін жан-жақты талдау, заңнамалық олқылықтарды анықтау және кешенді шаралар әзірлеу арқылы цифрлық экономикадағы қауіпсіздікті арттыру. Жоба жаңа құқықтық механизмдерді ұсынады, олар тек қылмыстық жауапкершілікті күшейтумен шектелмей, әкімшілік бақылау және санкциялар арқылы қаржылық ұйымдар мен делдалдарға да қолданылады. Бұл тәсіл дропперлердің әрекетін дер кезінде анықтауға, алдын алуға және заңсыз схемаларды азайтуға мүмкіндік береді.
Зерттеуде қолданылатын әдістер кешенді сипатқа ие. Тарихи талдау дропперлердің пайда болуы мен дамуын анықтау үшін қолданылады, салыстырмалы құқықтану әдісі – халықаралық тәжірибені салыстыруға, құқықтық пробелдерді анықтауға және ең тиімді тәсілдерді таңдауға мүмкіндік береді. SWOT және PESTLE талдаулары қазіргі құқықтық механизмдердің күшті және әлсіз жақтарын көрсетіп, саяси, экономикалық, әлеуметтік және технологиялық факторларды есепке алуға көмектеседі. Сонымен қатар, сұхбаттар, сауалнама және статистикалық талдау әдістері арқылы практикалық деректер жиналады.
ҚазҰУ ғалымдарының зерттеуінше, қазіргі уақытта дропперлерді қадағалау мен құқықтық жауапкершілік мәселесі көптеген елдерде жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. АҚШ-та электрондық коммерция платформалары пайдаланушылардың жеке деректерін міндетті түрде тексеруге міндеттелсе, Еуропалық Одақта клиенттерді идентификациялауға арналған стандарттар енгізілген. Австралиялық тәжірибе машиналық оқыту технологияларын пайдаланып, күдік тудыратын транзакцияларды тез анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда да құқықтық база мен бақылау механизмдерін жетілдіру қажеттілігі бар, бұл зерттеу сол қажеттілікті шешуге бағытталған.
Ғылыми жаңалығы интердисциплинарлық тәсілде көрінеді: құқық, қаржы және технология салалары біріктіріліп, дропперлерді бақылауға арналған кешенді модель жасалады. Бұл тәсіл зерттеуді тек теориялық тұрғыда емес, практикалық тұрғыда да тиімді етеді. Жобаның нәтижесінде құқықтық база жетілдіріледі, цифрлық экономиканы қорғау үшін халықаралық тәжірибе мен ұлттық құқық тәжірибесі салыстырылады, сонымен қатар дропперлерді анықтауға, қадағалауға және алдын алуға арналған инновациялық құралдар ұсынылады.
Жобаның практикалық мәні зор. Ұсынылған шешімдер мен механизмдер Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық дамуға, интернет-қызметтерге сенімділікті арттыруға, цифрлық саладағы қылмыстың алдын алуға және бизнестің қауіпсіз дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, ғылыми нәтижелерді коммерциялау мүмкіндігі қарастырылған, бұл жаңалықтарды нақты бизнес-процестерге енгізуге мүмкіндік береді.
Жобаның нәтижелері ғылыми және академиялық ортада да кеңінен қолданылатын болады. Зерттеу аясында жарияланымдар, методикалық нұсқаулықтар, аналитикалық есептер дайындалады, олар кейінгі зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстар үшін база болады. Сонымен қатар, жоба Қазақстандағы құқықтық ортаны жетілдіру, киберқылмыспен күрес деңгейін арттыру және ғылыми әлеуетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Проекттің нәтижесінде доктор философиясы (PhD) дәрежесі бойынша диссертация дайындалады: Жайнак Айдар, тақырыбы – «Дропперлермен күрес: цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құқықтық саясат элементі». Бұл зерттеу Қазақстандағы құқықтық базаны жетілдіру және цифрлық экономикадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында нақты үлес қосады.
Осы зерттеу нәтижелері құқықтық және технологиялық механизмдерді жетілдіруге, халықаралық тәжірибені интеграциялауға, сондай-ақ құқықтық ғылым мен киберқауіпсіздік саласындағы кадрларды даярлауға бағытталған. Жоба елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, құқықтық ортаны айқындауға және бизнес пен азаматтар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, бұл зерттеу цифрлық экономикада дропперлердің рөлін терең түсінуге, құқықтық пробелдерді анықтауға, халықаралық және ұлттық тәжірибені салыстыра отырып жаңа бақылау механизмдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. ҚазҰУ ғалымдарының жетекшілігімен жүргізіліп отырған бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық маңызды болып табылады және оның нәтижелері цифрлық қауіпсіздік пен құқықтық реттеуді дамытуға маңызды үлес қосады.
Дереккөз: https://farabi.university/news/103696?lang=kz
Фото: Farabi.university