NASA 1972 жылдан бері алғаш рет адамдар мінген ғарыш кемесін Айға ұшырды. Ішінде төрт астронавт бар Orion ғарыш кемесі «Артемида-2» миссиясы аясында Space Launch System зымыраны арқылы Канаверал мүйісі айлағынан әуеге көтерілді.
Экипаж құрамында NASA астронавтары Рид Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кох және Канада ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен бар. Олар Айға қонбайды, Жер серігін айналып шығып, шамамен 10 күннен кейін ғаламшарға оралады.
Бұл миссия адамзат тарихындағы ең алыс ғарыш сапарының бірі болмақ. Астронавтар Жерден шамамен 406 мың шақырым қашықтыққа дейін барады. Бұған дейінгі рекорд 1970 жылғы «Аполлон-13» миссиясы экипажына тиесілі болған, олар Жерден 330 мың шақырым қашықтыққа дейін барған еді.
«Артемида-2» бағдарламасы NASA-ның алдағы жылдары Айға қайта қону жоспарының маңызды кезеңі саналады. Агенттік 2028 жылы жоспарланған «Артемида-4» миссиясы арқылы Ай бетіне астронавтарды қайта қондыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ бұл жоба Айды игеру жолындағы халықаралық бәсекенің күшейгенін көрсетеді. АҚШ Айға қайта оралуды жоспарлап жатқанда, Қытай да 2030 жылға қарай өз астронавтарын Айға қондырғалы отыр.
Дереккөз: https://www.bbc.com/russian/articles/clyrg005e78o
Фото: Los Angeles Times