Холестеринді төмендететін препарат – эволокумаб қант диабеті бар науқастарда, тіпті оларда әлі атеросклероз диагнозы қойылмаса да, алғашқы инфаркт немесе инсульт қаупін едәуір азайтуы мүмкін. Мұндай қорытындыға Mass General Brigham зерттеушілері келді. Зерттеу JAMA журналында жарияланды.
Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Ал басты қауіп факторларының бірі – «жаман» холестерин деп аталатын төмен тығыздықтағы липопротеиндердің жоғары деңгейі. Эволокумаб PCSK9 ингибиторлары тобына жатады және оның деңгейін шамамен 60%-ға дейін төмендете алады. Осы уақытқа дейін мұндай қарқынды емдеу әдістері негізінен жүрек-қан тамырлары аурулары диагнозы қойылған науқастарға қолданылып келген. Алайда жаңа зерттеу терапияны ертерек бастауға болатынын көрсетіп отыр.
VESALIUS-CV зерттеуінің деректерін талдауға атеросклерозы айқын байқалмаған, бірақ жоғары қауіп тобындағы 3655 қант диабеті бар науқас қатысты. Қатысушылар екі апта сайын эволокумаб инъекциясын немесе плацебо қабылдады. Сонымен қатар барлығы стандартты емді, соның ішінде статиндерді жалғастырған. 48 аптадан кейін препарат алған пациенттердегі «жаман» холестерин деңгейі плацебо тобымен салыстырғанда шамамен 51%-ға төмен болған.
Бес жылға жуық бақылау барысында алғашқы ауыр жүрек-қан тамырлары оқиғасының — инфаркт, инсульт немесе жүректің ишемиялық ауруынан өлім қаупі 31%-ға азайған. Эволокумаб қабылдаған топта мұндай жағдайлар пациенттердің 5%-ында тіркелсе, плацебо тобында бұл көрсеткіш 7,1% болған.
«Нәтижелер холестеринді ертерек әрі қарқынды төмендету инфаркт пен инсульттің алдын алу тәсілін өзгертуі мүмкін екенін көрсетеді», — деді кардиолог Николас Марстон.
Зерттеу авторлары атеросклерозы анықталмаған басқа да жоғары қауіп тобындағы адамдар үшін мұндай тәсілдің тиімді болатынын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін атап өтті.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2026/03/260330001129.htm
Фото: Istock