Қазақстан ғылымы

Семейлік студенттер оқытушыларға көмектесетін робот жасады

26.03.2026

5

Семейлік студенттер құрастырған робот-жүйе оқу үдерісін ұйымдастыруға көмектесіп, сұрақтарға жедел жауап береді. Жастар ІТ-технологиялар саласындағы жобаларын арнайы көрмеде таныстырды. Студенттер бұл роботты «Білгіш» деп атайды. Ол дәстүрлі тәлімгерлікті заманауи технологиямен үйлестіріп, студенттерге «цифрлық ұстаз» ретінде қызмет етеді, жаңа материалды игеруді жеңілдетеді.
 
Илья Пимонов, студент: - Бұл жоба толығымен біздің колледжде жасалған. Жасанды интеллект біздің серверлерде жұмыс істейді. Сондықтан оның жылдамдығы мен қуаты өзімізге байланысты. 

Жобаның тағы бір маңызды тұсы оның практикалық бағытта жүзеге асуы. Студенттер бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект салаларында бай тәжірибе жинақтады. 

Айдын Қасымжанов, оқытушы: ChatGPT  сияқты жылдам емес. Бірақ қажетті деңгейде өзіміздің қажеттілігімізге жетіп жатыр деп ойлаймын. Енді бара-бара бұның қуатылығын күшейтіп, яғни оны модернизациялап, оптимизациялау керек.  Бір сөзбен айтқанда, колледжіміздің оқушыларына әлі жұмыс жетеді. 

Сонымен қатар оқу орнында заманауи технологиямен жабдықталған ерекше смарт кабинет бар. Ол дауыспен басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Яғни оқытушы мен студенттер құрылғыларды арнайы команда арқылы басқара алады. Бұл жаңашылдық білім беру үдерісін жеңілдетіп, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жол ашып отыр. 

Көрме барысында студенттер өздері әзірлеген заманауи жобаларды таныстырды. Олардың арасында ақылды дрондар, тапсырмаларды орындайтын роботтар және жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар бар. Бұл жобалар жастардың шығармашылық ой-өрісін және техникалық қабілетін көрсетеді.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/759731-semejlik-studentter-okytusylaryna-komeksi-robot-zasap-berdi
Фото: 24kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар