Қазақстан ғылымы

NU зерттеушісі болашақ технологияларға арналған полимерлерді әзірлеп жатыр

13.03.2026

7

Nazarbayev University жанындағы Жаңа материалдар және энергия технологиялары институтының (INMET) ғылыми қызметкері Гүлдана Жігербаева электроника мен медицина саласын өзгертіп жатқан ток өткізгіш полимерлерді зерттеп, әзірлеумен айналысып жатыр.
 
Былтыр Гүлдана Жігербаева жұмыс істейтін зертханада электрөткізгіштігі жоғары екіөлшемді полимерді синтездеудің жеделдетілген тәсілі әзірленді. Қарапайым тілмен айтқанда, ток өткізгіш полимер — «металл мінезді пластик». Әдетте металл ток өткізеді, ал пластик керісінше оқшаулайды деп білеміз. Сондықтан бұл материалдар  шекараны жояды: салмағы жеңіл, икемді, бірақ электр тогын өткізеді.

Әлемде мұндай шешімдерге сұраныс артып келеді. Электроника біртіндеп қатты кремний құрылымдарынан икемді органикалық материалдарға көшуде. Олар бүктелетін дисплейлерде, киілетін құрылғыларда, медициналық сенсорларда және нейроинтерфейстерде қолданылады.

«Біздің әзірлемелер жүздеген мың рет бүктеуге төтеп беретін иілмелі смартфондар мен шиыршықталып ашылатын экрандар жасауға мүмкіндік береді. Ал медицинада “қаттының жұмсақпен үйлеспеуі” мәселесін шешеміз: металл чиптер қабыну тудыруы мүмкін, ал ток өткізгіш полимерлер биосәйкес келеді және тірі ұлпаның қасиеттеріне жақын», — деп түсіндіреді зерттеуші.

Тағы бір бағыт — «ақылды» киім. Полимерлерді матаның талшықтарына сіңіріп, қарапайым жейдені жүрек ырғағын тіркейтін әрі тер құрамын талдайтын сенсорға айналдыруға болады. Технологияның әлеуеті зор болғанымен, әлсіз тұстары да бар: ток өткізгіш полимерлер уақыт өте келе оттегі мен ылғал әсерінен қасиетін жоғалтады.

«Біз материалдың тұрақтылығын арттыратын химиялық құрамдар әзірлеп, оларды шынайы жағдайға жақын ортада сынаймыз — мысалы, 10 мың рет бүктегеннен кейінгі күйін немесе термен жанасқандағы өзгерістерін тексереміз. Мен үшін жетістік — қолданыстағы баламалардан тиімді әрі арзанырақ жұмыс істейтін сенсор не чиптің дайын үлгісін жасау», — дейді ол.

Дереккөз: https://nu.edu.kz/news-kk/metall-minezdi-plastik-qazaqstandyq-ghalym-bolashaq-elektronikany-qalaj-zhasap-zhuer/
Фото: Nu.edu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар