Әлемдегі ғылым

Ғалымдар көздің жасанды қасаң қабығын ерекше материалдан жасады

12.03.2026

5

Гранада университетінің (Испания) ғалымдары балықтың қабыршағынан көздің қасаң қабығын қалпына келтіруге арналған мөлдір, берік әрі биосәйкестігі жоғары тәжірибелік импланттар жасап шығарды. Зерттеу нәтижелері Materials & Design (Mat&Des) ғылыми журналында жарияланды.

Қасаң қабық — көздің алдыңғы жағындағы мөлдір бөлік. Ол жарықты сындырып, бейненің қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Бұл тінде қан тамырлары болмағандықтан, зақымданғаннан кейін оның қалпына келуі қиын. Ауыр аурулар немесе жарақаттар кезінде науқастарға көбіне донорлық қасаң қабықты трансплантациялау қажет болады. Алайда мұндай операциялар донор материалының тапшылығына байланысты шектеулі.

Зерттеушілер балама тәсіл ұсынды — қарапайым балықтардың, мысалы, тұқының (карп) қабыршағынан алынған биоматериалды қолдану. Арнайы өңдеу нәтижесінде ғалымдар пигменттер мен басқа да компоненттерді алып тастап, материалдың мөлдірлігін арттырып, оны медициналық қолдануға жарамды етті.

Зертханалық сынақтар алынған құрылымдардың қажетті беріктікке ие екенін және көз тіндерімен жақсы үйлесетінін көрсетті. Жануарларға жүргізілген тәжірибелер де имплантациядан кейін оң функционалдық нәтижелерді көрсетті: материал тіндермен сәтті бірігіп, қасаң қабықтың қалпына келуіне септігін тигізген. 

Зерттеу авторларының айтуынша, мұндай импланттар дәстүрлі трансплантацияға қарағанда қолжетімді балама бола алады. Себебі оларды өндіруге қажет шикізат арзан әрі кең таралған. Болашақта бұл технология донорлық қасаң қабық тапшылығын азайтып, көру қабілетін жоғалтуға әкелетін ауруларды емдеу мүмкіндігін кеңейтуі мүмкін.

Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2026/03/11/28035487.shtml
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар