«Қазақстан жасанды интеллект академиясы» қоғамдық бірлестігінің ғалымдары қазақ тілінде берілген пәндер бойынша оқушыны жеке оқыту траекториясымен интерактивті оқытуға, оған консультация беруге және оның білімін бағалауға қабілетті смарт-оқулықтарды жасау технологиясын әзірледі.
Жоба барысында жасанды интеллект, корпустық лингвистика, жүйелік талдау және білім инженериясы, программалық инженерия және педагогикалық өлшеу әдістері қолданылды. Go (Golang), Python программалау тілдері, PostgreSQL деректер базасы және Vue.js 3 және PrimeVue фреймворктары негізінде программалық модульдер құрылды.
Зерттеу нәтижесiнде қазақ тiлiндегi орта бiлiм беру пәндерi – «Қазақ тiлi», «Математика» және «Информатика» бойынша ауқымды мәтiндiк және аудиокорпустар, тезаурустар, онтологиялық модельдер мен бiлiм базалары әзiрлендi. Қазақ тiлiнiң морфологиялық және синтаксистiк ережелерiне негiзделген грамматикалық процессор жасалды, ол смарт-оқулық мәтiндерiн автоматты түрде талдауға және мағыналық сәйкестiктi анықтауға мүмкiндiк бередi.
Сонымен қатар оқушының сұрағы мен смарт-оқулық жауабы арасындағы семантикалық ұқсастықты есептейтiн және пайыздық бағалау шығаратын программалық қамтым әзiрлендi. Пайдаланушы интерфейсi қазақ тiлiнде жасалып, диалогтық өзара әрекеттесудi, кеңес берудi және бiлiмдi бағалауды толық қамтамасыз етедi. Смарт-оқулықтарды орналастыруға арналған онлайн портал iске асырылып, оның тестiлеу нәтижелерi оң нәтиже көрсеттi.
Зерттеу барысында халықаралық және ұлттық стандарттарға (ISO/IEC 19788, ISO/IEC 40180, IEEE 1484, ҚР СТ 34.017 және т.б.) салыстырмалы талдау жүргiзiлiп, қазақ тiлiнiң морфологиялық және синтаксистiк ерекшелiктерiн ескеретiн арнайы стандарт жобасы әзiрлендi. Бұл құжат ҚР Сауда және интеграция министрлiгiнiң Техникалық реттеу және метрология комитетiне бекiтуге жiберiлдi.
Алынған нәтижелер бiлiм берудi цифрландырудағы отандық ғылыми-техникалық әлеуеттi жаңа деңгейге көтердi. Смарт-оқулықтар технологиясы тек орта бiлiм саласында ғана емес, сонымен қатар медицина, заңнама, электрондық үкiмет, кәсiби даярлау және қайта оқыту жүйелерiнде де кеңiнен қолдануға мүмкiндiк бередi.
Ғылыми жоба: АР19678613 «Қазақ тілінде берілген пәндер бойынша интерактивті оқытуға, кеңес беруге және білімді бағалауға қабілетті смарт-оқулықтарды тудыру технологиясын әзірлеу»
Жетекшісі: т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Б.Ш.Разахова
Фото: Istock