Қазақстан ғылымы

Сәтбаев университетінің ғалымдары машина жасау саласына арналған фибробетон технологиясын ұсынды

06.02.2026

6

«Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсы аясында Сәтбаев университетінің жас ғалымдары металл қолданбай, композиттік материалдардан орталықтан бағытталатын сорғы корпусының тәжірибелік үлгісін дайындап шығарды. Металдан жасалған дәстүрлі сорғы корпустарының беріктігі жоғары болғанымен, олардың салмағы айтарлықтай ауыр, дайындалуы күрделі және діріл деңгейі өте жоғары болады.

Сәтбаев университетінің «Технологиялық машиналар және газтурбиналық қондырғылар» кафедрасының аға оқытушысы Ақжарқын Игібаева «Көміртекті фиброталшықтан сорғы бөлшегінің корпусын дайындау технологиясы» жобасы аясында университет зертханаларында машина жасау саласына арналған жаңа материалдарды әзірлеу бойынша кешенді эксперименттік және технологиялық жұмыстар жүргізді.

Жүргізілген зерттеулер фибробетоннан жасалған сорғы корпустарының динамикалық жүктемелерге төзімділігі жоғары екенін, коррозияға қарсылығы тұрақты және дәстүрлі металл баламаларымен салыстырғанда олардың пайдалану мерзімі ұзағырақ болатынын көрсетті.

«Машиналардың корпустық бөлшектерінде фибробетонды қолдану діріл мен шудың деңгейін айтарлықтай төмендетуге, тораптардың пайдалану тұрақтылығын арттыруға және дайындау технологиясын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында сондай-ақ материалды қалыптау және қатайту технологиясы әзірленіп, орталықтан бағытталатын сорғы корпусы беріктік пен геометриялық дәлдік талаптарына сай етіп дайындалды», – деп атап өтті PhD Ақжарқын Игібаева.

Әзірленген технологияны машина жасау саласында, тау-кен металлургия өнеркәсібінде, көліктік машина жасауда және орталықтан бағытталатын сорғыларды қолданатын, әрі олардың пайдалану сипаттамаларын арттыру қажет болатын басқа да салаларда қолдануға болады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1156152?lang=kk
Фото: Gov.kz
«« | »»
Соңғы жаңалықтар