Әлемдегі ғылым

Қытай ғалымдары тісті ағартып, эмальді қалпына келтіретін ұнтақ жасап шығарды

05.02.2026

4

Шанхай қаласындағы Сюйхуэй аудандық стоматологиялық ауруханасының және Қытай ғылым академиясының ғалымдар тобы BSCT деп аталатын, электрлі тіс щеткасының дірілі арқылы белсендірілетін стоматологиялық ұнтақтың прототипін таныстырды. ACS Nano ғылыми журналында жарияланған мәліметке сәйкес, бұл материал пигменттелген қақты кетіріп қана қоймай, зақымданған тіс эмалін бір мезгілде қалпына келтіріп, дәстүрлі ағартқыш құралдардың басты кемшілігін жояды.

Инновациялық технология пьезоэлектрлік қағидаға негізделген. Құрамның негізгі компоненті — кальций және стронций иондарымен модификацияланған нанокерамикалық ұнтақ – барий титанаты (BaTiO₃). Жұмыс істеу механизмі қарапайым әрі тиімді: электрлі тіс щеткасының қылшықтары дірілдеген кезде нанобөлшектерге қысым түсіп, олар әлсіз электр импульсын өндіреді. Осы микроразряд химиялық реакцияның катализаторы болып, нәтижесінде күшті тазартқыш әсерге ие белсенді оттек түрлері (БОТ) бөлінеді.

Химиялық агрессивті әсер ететін және көбінесе эмальдың минералдануын немесе тістің сезімталдығын тудыратын стандартты сутегі асқын тотығы негізіндегі гельдерден айырмашылығы – BSCT нүктелік түрде жұмыс істейді. Белсенді компоненттердің өндірісі тек тазалау кезінде жүреді. Шаймен және кофемен боялған адамның тістеріне жүргізілген зертханалық зерттеулер көрсеткендей, 12 сағаттық жалпы әсерден кейін үлгілер 50%- ға ағара түскен. 

Материалдың басты ерекшелігі – оның регенеративтік функциясы. Тіс тазалау барысында бөлінетін стронций мен кальций иондары тіс бетіне шөгіп, құрылымы жағынан эмальдың табиғи апатитіне жақын жаңа минералды қабат түзеді. Бұл микрожарықтарды «жабуға» және қайтадан боялу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Зертханалық егеуқұйрықтарға жүргізілген қосымша сынақтар әзірлеменің бактерияға қарсы әсерін көрсетті. Ұнтақты қолдану пародонтит тудыратын Porphyromonas gingivalis патогенді бактерияларының басылуына ықпал етіп, ауыз қуысының сау микробиомының сақталуын қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта BSCT зертханалық прототип түрінде ғана бар. Зерттеу авторлары бұл технологияны коммерциялық тіс пасталарына енгізбес бұрын қосымша токсикологиялық бағалау қажет екенін атап өтті. 

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/science/kitayskie-uchenye-razrabotali-vibriruyuschiy-poroshok-kotoryy-odnovremenno-otbelivaet-zuby-i-vosstanavlivaet-emal.html
Фото жасанды интеллект (Chat GPT) көмегімен жасалды

«« | »»
Соңғы жаңалықтар