Қазақстан ғылымы

Су астында құрылыс жүргізуге арналған 3D-басып шығару жүйесі әзірленді

03.02.2026

18

Корнелл университетінің ғалымдар тобы су астындағы жағдайларда бетонмен үшөлшемді басып шығару әдістемесін жасауды аяқтады. Жұмыс АҚШ-тың Перспективті қорғаныс зерттеулері агенттігінің (DARPA) тапсырысы бойынша жүргізілді. Аталған агенттік 2024 жылы дәстүрлі әдістерді қолданбай теңіз инфрақұрылымын салу технологиясын жасауға конкурс жариялаған болатын.

Профессор Шрирамья Наир жетекшілік еткен зерттеушілер тобы құрылыс қоспасын жағуға арналған екі құрамды жаңа жүйе ойлап тапты. Мәселенің түйіні – цемент бөлшектері су ішінде өзара байланысу қасиетін жоғалтады. Ал химиялық қоспалар қосылатын дәстүрлі әдіс қоспаны тым қою етіп, оны басып шығару құрылғысы арқылы беруге мүмкіндік бермейтін. Осыны шешу үшін инженерлер тәсілді өзгертті: қосымша затты қоспаға алдын ала араластырмай, тікелей робот-манипулятордың саптамасы арқылы беру жолын таңдады.

Зерттеу тобы салмағы 2722 килограмм болатын өнеркәсіптік роботты пайдаланып, Bovay зертханалық кешеніндегі су резервуарында үлгілерді басып шығарды. Манипуляторға теңіз түбіне тән көрінуі нашар ортада қабаттардың дұрыс қалыптасуын бақылауға мүмкіндік беретін датчиктер жүйесі орнатылды. Зерттеу нәтижелері 2025 жылғы қараша айында Cement and Concrete Composites ғылыми журналында жарияланды.

Жоба 2025 жылдың мамырында 1,4 миллион доллар қаржы алды. Корнелл университетінің тобы басқа бес ғылыми ұжыммен бәсекеге түсуде. Соңғы сынақтар 2026 жылдың наурызына жоспарланған, ал қатысушылар су астында қисаң конструкцияны басып шығару міндетін орындауы керек.

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/3d-modelling/razrabotana-sistema-3d-pechati-dlya-stroitelstva-pod-vodoy.html
Фото: Newatlas.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар