Әлемдегі ғылым

Қытайлықтар жүзіп, ұша алатын және тар жерлерден оңай өтетін робот жасады

26.01.2026

12

Шэньчжэнь қаласындағы Оңтүстік ғылым және технологиялар университетінің мамандары әртүрлі ортада трансформацияланып, қозғала алатын GrowHR атты жұмсақ гуманоид роботты әзірледі. Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 23 қаңтарда жарияланды.

Роботтың конструкциясы адам қаңқасының құрылымдық принциптеріне негізделген. Буындар кеңейтілетін камералардан, тартқыш тростар жүйесінен және қатты адаптерлерден тұрады. Созылмайтын тоқыма қабаты осьтік қаттылықты қамтамасыз етеді, ал синхронды тростар біркелкі созылуға мүмкіндік береді. Әрбір жетек элементінің салмағы 350 грамм, ал құрылғының жалпы салмағы 4,5 килограм.

GrowHR ықшам күйінде 0,4 × 0,3 × 0,6 метр көлемді алады. Робот биіктігін 278 %-ға арттырып, 1,36 метрге дейін ұлғайта алады және бастапқы өлшемінен 315 %-ға дейін созылады. Қажет болған жағдайда құрылғы тар өткелдерден өту үшін биіктігі бойынша 36 %-ға, ал ені бойынша 61 %-ға дейін сығыла алады.

Роботтың қозғалу жылдамдығы жетектер мен қозғалтқыштардың үйлесімді жұмысы кезінде минутына 112,2 миллиметрге дейін жетеді, бұл тек моторлы механизмді қолданғандағы көрсеткіштен 1122 есе жоғары. Салмағының жеңіл болуы GrowHR-ге су бетінде секундына 16 миллиметр жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді. Арналық желдеткіштерді немесе квадрокоптерді орнату арқылы робот әуеде бірнеше метр қашықтықты еңсере алады.

Университеттің аспиранты Ван Тиннің айтуынша, көміртекті талшықтан жасалған телескопиялық қосылыстар мен белсенді басқару жүйесі роботтың тұрақтылығы мен тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Әзірлеушілер GrowHR-ді құтқару операцияларында, қолжетімі қиын аймақтарда және күрделі жер бедерінде жұмыс істеу үшін қолдануға болатынын айтып отыр.  

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/drones/kitayskiy-robot-nauchilsya-plavat-letat-i-szhimatsya-chtoby-prohodit-v-uzkie-mesta.html
Фото: Tech.yahoo.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар