Әлемдегі ғылым

Табиғи шикізат қорынан экологиялық қауіпсіз беттік-активті заттар алынды

26.01.2026

27

Сәтбаев университетінің ғалымдары өндірістің әртүрлі саласында жуғыш және тазартқыш заттар, дисперстік жүйелердің тұрақтылығын реттегіштер, көбіктүзгіштер, флотореагенттер, бактерицидтік қосылыстар ретінде және басқа мақсаттарда пайдалануға болатын жаңа БАЗ-дарды қоры сарқылмайтын, экологиялық қауіпсіз табиғи (өсімдік тектес) шикізат көзінен синтездеу және өндіру технологиясын жасады. 

Зерттеу барысында техникалық өсімдік майынан жаңа неионогендік, катиондық және аниондық БАЗ-дар синтезделіп, заманауи физика-химиялық әдістер арқылы олардың коллоидтық-химиялық және беттік қасиеттері анықталды. Aspen Hysys бағдарламасы арқылы БАЗ өндіру процесінің технологиялық сызба-нұсқасы жасалды. Жаңа БАЗ-дардың көбіктүзгіштік, эмульсиятүзгіштік, жұқтырғыштық, коагулияциялық, флокуляциялық және биоцидтік қасиеттері дәлелденді. 

Алынған жаңа БАЗ-дарды тиімді жұқтырғыш, флокулянт, коагулянт, эмульгатор, көбіктүзгіш және биоцидтік қосылыстар ретінде қолдануға болады.  Олар өздерінің коллоидтық-химиялық және беттік қасиеттері бойынша қолданыстағы импорттық аналогтарынан кем түспейді. Ал қолжетімді шикізат – күнбағыс майы өндірісінің қалдығын (бағасы 310 теңге/кг) пайдалану арқасында олардың өзіндік құны белгілі аналогтармен салыстырғанда, шамамен, 20-30%-ға арзан болады.

Келешекте алынған жаңа БАЗ-дарды коммерциялизациялап, өндірістік масштабта өндіру мәселесімен айналысу көзделіп отыр.

Ғылыми жоба: АР19678114 «Табиғи шикізат қорынан экологиялық қауіпсіз беттік-активті заттар синтездеу және қасиеттерін зерттеу»
Жетекшісі: Бас ғылыми қызметкер, химия ғылымдарының докторы, профессор К.Ж. Әбдиев

Фото жасанды интеллект (Chat GPT) арқылы жасалды

«« | »»
Соңғы жаңалықтар