Қазақстан ғылымы

Қазақ ғалымдары жеміс-жидекті кептіруге арналған қондырғы жасап шығарды

23.01.2026

13

«Innovtechproduct» ЖШС ғалымдары жемістерді кептіруге арналған электрлік және газдық конвективті қондырғылар әзірледі және жеміс үлгілерінен ылғалды кетіру механизмін жан-жақты зерттеп, толық сипаттады.

Түркістан облысында жеміс ағаштары өсірілетін бақтар кең аумақты алып жатыр. Өңірдің климаты жемістердің дәрумендерге, минералдарға және фруктозаға бай болып қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды. Қазақстанда жемістерді кептірілген жемістерге (құрғақ жемістерге) айналдыратын кәсіпорындар жоқ. Бір адамға қажетті құрғақ жемістердің жылдық тұтыну нормасы – 4 кг. Осыған байланысты жемістерді кептіруге арналған жабдықтар мен кептіру технологиясын әзірлеу Қазақстан экономикасын дамыту үшін аса қажетті әрі өзекті мәселе болып отыр. 

Осы ретте «Innovtechproduct» ЖШС ғалымдары көкөністер, жеміс-жидектер, саңырауқұлақтар және т.б. сияқты ылғалдылығы жоғары материалдарды кептіруге арналған электрлік конвективті кептіру қондырғысын әзірледі. Ол кептіру камерасы бар корпустан тұрады, камераға кептірілетін материал салынатын 12 торлы науа, екі аралық науа, төменгі және жоғарғы науалар, қарсыағынды-параллель бағытталған ауа ағынын қамтамасыз ететін желдеткіштер және автоматты реттеу блогы орнатылған. Корпустың артқы қабырғасында ауаны беру үшін кіріс тесіктері, ал буланған ылғалмен бірге ауаны шығару үшін жоғарғы шығу тесіктері мен төменгі саңылау қарастырылған. Кептіргіштің ерекшелігі – бір мезгілде кептірілетін материал көлемін арттыру мақсатында төменгі және жоғарғы бөліктерге қарсыағынды-параллель бағытталған ауа ағынымен жұмыс істейтін желдеткіштердің орнатылуы. 

Сондай-ақ мамандар газдық кептіргіш жасап шығарды. Ол да кептіру камерасы бар корпустан тұрады, камераға кептірілетін материал салынатын 32 торлы науа, екі аралық науа, төменгі және жоғарғы науалар, ағынды бағытталған ауа ағынын қамтамасыз ететін желдеткіштер және автоматты реттеу блогы орнатылған. Бұл кептіргіштің де ерекшелігі – оған желдеткіштердің орнатылуы. 

Зерттеу авторлары өсімдік тектес өнімдерді консервілеуде кеңінен қолданылатын әртүрлі жемістерді кептіру процесінің математикалық моделі мен механизмін ұсынды. Кептіру процесі диффузиялық кедергіні және жалпы өтімділікті ескере отырып, параллель капиллярлар мен мембраналар жүйесі арқылы модельденеді. 

Ғылыми жоба: «Жемістерді кептіруге арналған кептіру жабдықтарын әзірлеу және массаберу үдерісін зерттеу»
Жетекшісі: Техника ғылымдарының докторы, профессор М. Сатаев

«« | »»
Соңғы жаңалықтар