Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары өсімдік шикізаты негізінде теріге күтім жасауға арналған жаңа антиоксиданттық бағыттағы космецевтикалық желінің препарат үлгілерін алу технологиясын әзірледі.
Жобаны орындау барысында өсімдік текті биологиялық белсенді заттарды пайдалану арқылы тиімді әрі қауіпсіз космецевтикалық құралдарды әзірлеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстар кешені жүргізілді. Қазақстан флорасындағы перспективалы дәрілік өсімдік түрлері іріктеліп алынды, олардың химиялық құрамы зерттелді, сондай-ақ антиоксиданттық, қабынуға қарсы және регенерациялық белсенділікке ие экстракттар мен жекелеген қосылыстар бөлініп алынды.
2023-2025 жылдардың мамыр-тамыз айлары аралығында Қарағанды облысының аумағында жүргізілген экспедициялық сапарлар барысында әртүрлі өсімдік түрлерінің өсімдік шикізаты жиналды: Fragaria vesca, Salvia stepposa, Hyssopus ambiguus, Mentha × piperita, Melissa officinalis, Rubus saxatilis, Pinus sylvestris қылқаны, Hypericum perforatum, Ribes nigrum жапырақтары мен жидектері, Mentha arvensis, Aronia melanocarpa, Hippophae rhamnoides жемістері, Chamaenerion angustifolium, Nepeta pannonica, Phlomis tuberosa, Ziziphora clinopodioides, Achillea asiatica, Achillea nobilis, Rosa acicularis және басқа да түрлер. Шикізатты дайындау Қарқаралы қаласының маңында, Спасск шоқыларында, Фёдоров су қоймасы аумағында, Керней кентінде және оған іргелес аудандарда жүргізілді.
Өсімдік тектес шикізат негізінде тері күтіміне арналған жаңа табиғи құралдарды – кремдер, тониктер, лосьондар мен сарысуларды алу технологиялары әзірленді. Барлығы 60-тан астам рецептура жасалып, олардың әрқайсысында ингредиенттердің оңтайлы арақатынастары пысықталды. Қарақат, шырғанақ (крушина тәрізді), дала шалфейі, күмәнді иссоп, қарағай мен шырша қылқаны, өзгермелі ферула, жасыл және орман бүлдіргенінің жапырақтары, костяника және жіңішке жапырақты иван-шай экстрактылары негізінде айқын антиоксиданттық әсері бар ылғалдандыратын және қоректендіретін өнімдер алынды.
Липидтік фаза ретінде табиғи майлар қолданылды: авокадо, шабдалы, өрік, шырғанақ, бидай ұрығы, кокос, жүзім сүйегі және макадамия майлары. Эмульгаторлар ретінде оливем, галолив, лецигель, липодерм, ксильянс, лецитин және ара балауызы сияқты табиғи қосылыстар пайдаланылды. Консервант ретінде ECOCERT мақұлдаған «жасыл» заттар (Sharomix 708, 721, Euxyl) қолданылып, бұл құрамдардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Құрамдардағы табиғи ингредиенттердің үлесі – 98-100%.
Жұмыс нәтижелері ғылыми және практикалық маңызға ие: космецевтикалық әлеуеті бар өсімдік экстрактыларының деректер қоры қалыптастырылды, әсері дәлелденген тері күтіміне арналған инновациялық композициялар ұсынылды. Әзірленген технологияларды отандық косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіп орындарында енгізуге болады.
Ғылыми жоба: АР19677164 «Отандық өсімдік шикізаты негізінде антиоксиданттық әсері бар жаңа космецевтикалық құралдарды әзірлеу»
Жетекшісі: Ботаника кафедрасының профессор-зерттеушісі, б.ғ.к. М.Ю. Ишмуратова
Фото жасанды интеллект (Chat GPT) арқылы жасалды