Қазақстан ғылымы

Ақтөбелік жас ғалымдар ЖИ-жаттықтырушы жасады

08.01.2026

133

Қ.Жұбанов атындағы университеттің жас ғалымдары ЖИ элементтері енгізілген жаттықтырушы ойлап шығарды. Адам дене жаттығуын жасаған кезде, автоматты жүйе орындау техникасын бақылап, іс-қимылға баға бере алады. Әуесқой спортшының қатесін түзеп, ақыл-кеңес айтады. Мамандар бұл ақылды құрылғы болашақта спорт залдағы нұсқаушылардың орнын басады дейді.
  
Кирилл Пилипенко, Қ. Жұбанов атындағы университеттің студенті: 

- Камераны адамға бағыттаған кезде бағдарлама жаттығулардың дұрыс орындалуын бақылайды. Егер мінсіз орындалса есептеп, егер қате жіберген болса дауыстап қатесін айтады. Жаттығуды қалай орындау керектігін де айта алады. 

Бағдарламаны қолдану үшін сауалнамаға жауап беру қажет. Адамның бойы мен салмағынан бөлек аптасына неше рет спортпен шұғылдануға дайын екенін анықтап алады. Артық салмақтан арылу немесе спортпен кәсіби шұғылдану туралы ойын біледі.Сонан соң белтемір мен қоссырық, ауыр атлетика снарядтарына жекелеген   кесте жасақтайды. 

Әділжан Кереев, Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті: 

- Үш нұсқа түрінде дайындалады. Бірінші кәсіби түрде. тренажерлық кешен бар. Соған енгізіледі. Онда камера арқылы жұмыс істеп дәлірек анықтайды. Одан кейін тек қана алдында тұрған планшеттің камерасымен түсірілетін бар. Бұл жалпы қолданушыларға. Одан кейін тағы бір нұсқасы мобильді приложение ретінде. Яғни тренажердың өзінің смартфонды ұстағышы бар. Соған смартфон арқылы пайдалануға болады. 

Қазір мамандар бағдарламаны сынақтан өткізіп жатыр. Бұрын спортқа қызықпаған жандарға арналған нұсқамалық сабақтар да жазылады. Өңірлік университет өкілдерінің бұл жобасына спорттық құрал-сайман шығаратын жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытты.   Жасанды интелект негізіндегі жаттығу құралын бірге өндіруді ұсынады. 

Дмитрий Улитин, кәсіпорын жетекшісі: 

- Көп адам спорттың түрлерімен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді. Мысалы, турникке қалай тартылу керек екенін. Соның себептерінен кейбір жағдайлар болады. Жарақат алуы мүмкін. Соны жоққа шығару үшін осындай шешімге келдік. Бұл өнімді үйде қолданады, фитнес жаттығуында қолданады. Неше түрлі спорт кешендерінде қолдануға болады. 

Университет оқытушылары мен студенттер жасанды интеллект негізіндегі жаттықтырушы бағдарламасын жазуға шамамен жарты жылға жуық уақыт жұмсаған. Ал дайын өнімді нарыққа қыркүйек айында шығаруды көздейді.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/748354-aktobelik-zas-galymdar-zi-elementteri-engizilgen-zattyktyrusy-ojlap-sygardy
Фото: Alfa-ai.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар