Қазақстан ғылымы

Жасанды интеллект арқылы спорттық коучингке арналған бағдарлама әзірленіп жатыр

06.01.2026

101

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологиясына негізделген жеке жаттығуға арналған интеллектуалды спорттық коучинг бағдарламасы әзірленіп жатыр. Жоба «Iron-BARS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарлама спортшылар мен әуесқой пайдаланушылардың қозғалыс техникасын автоматты түрде талдап, жеке физикалық көрсеткіштеріне сәйкес жаттығу түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алгоритмдері арқылы қозғалыстағы қателіктер анықталып, жаттығу процесінің тиімділігі артады.

Жобаның ғылыми жетекшісі – информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті, PhD Әділжан Кереев. Оның айтуынша, бұл жоба – ғылым мен практиканың тоғысқан нақты нәтижесі.

«Жасанды интеллект негізіндегі бұл бағдарлама спорттағы жеке дайындықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – студенттер нақты өндірістік тапсырмаларды шешу арқылы заманауи технологияларды тәжірибеде меңгеріп жатыр», – дейді жоба жетекшісі.

Жобаны іске асыруға «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының студенттері Ерлан Аймұқанов мен Кирилл Пилипенко қатысып жатыр. Орындаушы Ерлан Аймұқановтың айтуынша, бағдарлама компьютерлік көру технологиясы арқылы адамның қозғалысын нақты уақыт режимінде тануға негізделген.

«Бұл жоба бізге машиналық оқыту мен деректерді талдау әдістерін практикада қолдануға мүмкіндік берді. Жасанды интеллект жаттығу сапасын арттыруға нақты үлес қоса алады», – дейді ол.

Ал Кирилл Пилипенко бағдарламаның қолдану аясын кең екенін атап өтті:
«Жүйе кәсіби спортшыларға да, спортпен әуесқой түрде айналысатын адамдарға да бейімделе алады. Бағдарлама пайдаланушының деңгейіне қарай жеке жаттығулар жиынын ұсынады», – дейді студент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде жасанды интеллектіні ғылым мен инновацияны дамытудың негізгі тетігі ретінде атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен кадр даярлау – ел дамуының стратегиялық бағыты.
Осы тұрғыдан алғанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – Қазақстандағы қолданбалы жасанды интеллект зерттеулерін дамытуға және жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1137168?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар