Талдықорған студенттері жүгерінің жаңа сұрпын шығарды. Дақылдың бейімделген бұл түрі түрлі-түсті собығымен және пайдалы компоненттердің жоғары құрамымен ерекшеленеді. Ең бастысы – ол қуаңшылық климатқа жақсы бейімделген. Болашақ ғалымдар тобының жұмысы Enactus Kazakhstan National Expo мектеп және студенттік кәсіпкерліктің Ұлттық кубогында үздік деп танылды.
Университеттің жылыжайында жүгерінің жаңа түрінің дәнді өскендері алғаш рет көктеп шықты. Студенттер тобы олардың ауруларға төзімділігін сынақтан өткізіп жатыр. Негіз ретінде ацтектердің қатты жүгерісі мен жергілікті сұрыптар алынды. Нәтижесінде қуаңшылыққа төзімді, түрлі-түсті собығы бар тәтті жүгері шығарылды.
«Қарқынды селекция негізінде жүгеріні қыс мезгілінде өсіріп жатырмыз. Оларды тез өсіріп, тез будандастырып, қысқа уақытта нәтиже ала аламыз. Біз адам тұтынуына арналған тәтті сұрыпты, сондай-ақ жарма мен ұн өндіруге және мал азығы ретінде пайдалануға арналған жемшөптік сұрыпты шығарумен айналысып жатырмыз», – дейді жоба қатысушысы Асқар Рахым.
Эксперимент барысында жүгерінің жаңа түрінде антиоксиданттар мен каротиндердің мөлшері екі есе көп екені, сондай-ақ протеиннің жоғары деңгейде екені анықталды. Ғылыми еңбектің маңыздылығы әуелі университетте, кейін беделді байқауларда да мойындалды.
Дереккөз: https://24.kz/ru/news/obrazovanie-i-nauka/747163-novyj-sort-kukuruzy-i-porodu-kur-vyveli-studenty-v-zhetysu
Фото: Istock