Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуде сөз cөйледі. Президент «Біз өркениетті ел болу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз» деді.
«2019 жылдан бері 1289 жаңа мектеп салынды. Соның 130-дан астамы осы жылы бой көтерді. Білім беру саласына бөлінетін қаражат үш есе көбейді. Ғылымға салынған инвестиция бес жылда 5 есе өсті. Қазақстанда шетелдің 33 университетінің филиалдары ашылды. Жас ғалымдарға баспана беріліп жатыр», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткен.
«Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 646 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұған қоса, 32 аудандық аурухана заман талабына сай көпбейінді орталық аурухана ретінде жаңғыртылып жатыр. Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне айрықша мән береді. Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Сондай орталықтарды еліміз бойынша басқа аймақтарда салу қажет деп санаймын. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Шын мәнінде, мұндай нысандардың тек елордада ғана болғаны дұрыс емес, әрбір облыста салу керек. Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық деп айтуға болады. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан әлеуметтік міндеттемелерді орындау әрдайым еліміздің айрықша назарында тұратын мәселе. Биыл зейнетақы және жәрдемақы төлеуге 5,9 триллион теңге бөлінді. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 10 пайызға өседі», – деді Президент.
Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-zhambyl-oblysynyn-zhurtshylygymen-kezdesude-soylegen-sozi-25113734
Фото: Istock