Қытай Ғылым академиясының зерттеушілері инвазивті «ми–компьютер» интерфейсін клиникалық сынау барысында айтарлықтай жетістікке жетті. Клиникалық сынақ аясында тетраплегия дертіне шалдыққан науқас ақылды мүгедектер арбасын тек ой күшімен басқарып, курьер әкелген дайын асты робот-итке алдыртып, өзіне жеткізе алған. Бұл нәтиже Қытай Ғылым академиясы жүргізген имплантацияланатын «ми-компьютер» интерфейсін сынау кезінде тіркелген.
Мұндай мүмкіндік дәстүрлі оңалту тәсілдерінен әлдеқайда кең. Себебі ол экрандағы курсорды екі өлшемді басқарумен шектелмей, үш өлшемді физикалық ортамен тікелей әрекеттесуге жол ашады.
«Ми-компьютер» интерфейсі ми мен сыртқы құрылғылар арасында тікелей байланыс арнасын құруға арналған. Әлемнің әр түкпіріндегі ғылыми-зерттеу топтары ой арқылы мәтін теру немесе роботтандырылған қолды басқару секілді зертханалық жетістіктерді көрсеткенімен, бұл технологияны пациенттердің күнделікті өміріне тұрақты енгізу әлі де күрделі мәселе болып қалып отыр.
Аталған науқас 2022 жылдан бері жұлын жарақатына байланысты тетраплегияға шалдыққан. Ал 2025 жылғы маусым айында оған Қытай Ғылым академиясының Нейробиология және зияткерлік технологиялар жөніндегі зерттеу орталығы әзірлеген инвазивті нейрокомпьютерлік интерфейс жүйесі имплантацияланған. Бірнеше апта дайындық пен жаттығудан кейін ол компьютер мен планшеттегі курсорды тұрақты түрде басқара алған.
Зерттеушілер имплантация кезінде жоғары өткізу қабілетіне ие сымсыз инвазивті жүйені қолданған. Бұл жүйе пациентке нейрондық сигналдар арқылы ақылды мүгедектер арбасын және робот-итті сенімді басқаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде науқас нақты ортада дербес қозғалып, нысандарды іздеу қабілетіне ие болған.
Бұл кезең Қытайдың сал ауруына шалдыққан адамдар үшін тек базалық өзара әрекет мүмкіндіктерін қалпына келтіруден нақты өмір жағдайындағы функционалдық әрекеттер аясын кеңейтуге көшкенін білдіреді.
Зерттеу тобы бірқатар техникалық серпіліске де қол жеткізген. Атап айтқанда, нейрондық деректерді жоғары деңгейде қысу әрі дәл қалпына келтіру технологиясы әзірленіп, деректерді декодтаудың екі әдісі инновациялық түрде біріктірілген. Бұл гибридті декодтау моделі нейрондық сигналдарда шу деңгейі жоғары болған жағдайда да пайдалы ақпаратты тиімді бөліп алып, миды басқару өнімділігін 15 пайыздан астам арттырған.
Сонымен қатар сигналды қабылдаудан пәрменнің орындалуына дейінгі кідіріс 100 миллисекундтан төмен деңгейге қысқартылған. Бұл физиологиялық шектен аз көрсеткіш болып саналады және пациенттерге ми-компьютер жүйесін неғұрлым бірқалыпты әрі табиғи басқаруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: https://kaz.inform.kz/news/kitay-galimdari-sinaktan-otkzgen-mi-kompyuter-sal-naukastin-kozgaluina-mumkndk-berd-1097f9/
Фото: Theregreview.org