Нортуэстерн университетінің ғалымдары гепатит C вирусын (HCV) анықтаудың ең жылдам әдісін жасады. Жаңа диагностикалық тест бар болғаны 15 минут ішінде дәл нәтиже береді — бұл HCV-ді жедел анықтаудың басқа әдістерінен 75 пайызға дейін жылдамырақ. Бұл тест көптеген науқастарға ертерек емделуге мүмкіндік береді, сондай-ақ кешіктірілген медициналық көмектің кесірінен болатын ауыр асқынулар мен өліп кету қаупін азайтады.
HCV созылмалы гепатит C инфекциясына әкелуі мүмкін — бұл әлем бойынша шамамен 50 миллион адамды зақымдайтын және жыл сайын 242 000-ға жуық өлімге себеп болатын жағдай. Бұл өлімдердің көпшілігі цирроз және бауыр обыры салдарынан болады. Инфекцияны 8–12 апта ішінде толық емдей алатын өте тиімді дәрілер болғанына қарамастан, емделу деңгейі әлі де төмен. Негізгі кедергілердің бірі — медициналық көмек көрсетілетін жерде бірден қолдануға болатын қолжетімді және пайдалану оңай диагностикалық құралдардың жеткіліксіздігі.
«Біз пациенттің клиникалық қабылдауы кезінде бірден жүргізілетін диагностикалық тест жасай алдық. Бұл сол күні-ақ диагноз қойып, ем бастауға мүмкіндік береді», — деді тестті әзірлеген Нортуэстерн университетінің Маккормик инженерлік мектебіндегі Жаһандық денсаулық технологияларындағы инновациялар орталығының (CIGHT) тең директоры Салли МакФолл.
МакФоллдың айтуынша, жаңа құрал жоғары аналитикалық және клиникалық көрсеткіштерді көрсетті. Оның сөзінше, бұл құрал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2030 жылға дейін HCV-ді жою деген мақсатына жетуге көмектесе алады.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2025/12/251210092015.htm
Фото: Istock